Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевқа Ауғанстандағы Талибан қозғалысы не үшін қажет болды?

Жақында Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов пен президент Шавкат Мирзиеевтың Ауғанстан мәселелері бойынша арнайы өкілі Исматилла Эргашев "Талибан" қозғалысы өкілдерімен кездесу өткізді. Бас қосудан кейін Өзбекстан СІМ «кездесу барысында Ауғанстан дағдарысын бейбіт жолмен шешу жөнінде келіссөздер жүргізілдік» деген ақпарат таратты. Бірақ «Талибан» тарапы ресми Ташкентпен бейбітшіліктен бөлек темір жол мен электр желілерінің қауіпсіздігі сияқты жобалар жөнінде де келіссөздер болғандығын мәлімдеді.

Соңғы уақыттары Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтың Ауғанстан дағдарысына белсене араласуына байланысты әр кім, әр қалай пікір айтуда. Бірі «ресми Ташкент «Талибан» қозғалысымен келіссөздер жүргізу арқылы Ауғанстан аумағында жаңа экономикалық жобаларын жүзеге асырмақ» десе, енді бір «Мирзиеев АҚШ-тың С5+1 жобасы аясында жұмыс істеуде» дейді. Олай болса, осы екі болжамға қысқаша талдау жасап көрейік.

Қазіргі уақатта Ауғанстан аумағының басым көпшілігін «Талибан» қозғалысы өкілдері өз бақылауында ұстап тұрғанын ескерсек, Ташкенттегі кездесуден экономикалық астар іздеуге негіз бар. Себебі Өзбекстан болашақта Ауғанстан арқылы жүк тасымалын өткізуге мүдделі. Осы мақсатта 2011 жылы «Өзбекстан темір жолы» компаниясы «Хайратон – Мазари Шариф» бағытында темір жол торабын іске қосқан. Қазіргі уақытта аталмыш темір жол «Өзбекстан темір жолы» компаниясының иелігінде. Бұдан бөлек Өзбекстан Ауғанстанның солтүстік провинциялары мен Кабул қаласына электр энергиясын экспорттайды.  Бір сөзбен айтқанда Ташкент экономикалық тұрғыда"Талибанмен" келісімге келу өте тиімді.

Енді «Ауғанстан мәселесінде Өзбекстан АҚШ-тың С5+1 жобасы аясында жұмыс істеуде» деген болжамға келейік. Бұл пікірдің сарапшылар мен журналистер арасында қайдан пайда болғанын болжау қиын емес. Ол үшін «маңайынан жау іздеуден жалықпайтын» Ресей жазғыштары мен сызғыштарының әлеміне бір сәт назар салсаңыз жетіп жатыр. Бірақ Ауғанстан мәселесінде  бұл болжамды да жоққа шығаруға болмайды. Өйткені Ақ үй әкімшілігі С5+1 жобасын әу баста Ауғанстанға апаратын алтын қақпа негізінде бастаған. Естеріңізде болса, С5+1 жобасы 2015 жылы Өзбекстанның Самарқант қаласында құрылған. Сол уақытта Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан сыртқы істер министрлері Орталық Азия мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық, қауіпсіздік және аймақтық байланыс салаларын дамыту жөнінде уағдаласқан. Бірақ С5+1 жобасы осы уақытқа дейін өзіне жүктелген міндеттерді толықтай атқарды деп айту қиын.

Бұдан бөлек Өзбекстанның Ауғанстан мәселесіне араласуына Ресей мен Қытайдың да қатысы болуы мүмкін деген болжамда бар. Себебі ресми Мәскеу мен Бейжің де соңғы уақыттары Ауғанстанға баса назар аудара бастаған.

Жалпы, Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуімен аймақтың саяси өміріне қан жүгіре бастағаны белгілі. Орталық Азия шетелдік сарапшылардың зерттеу нысанына айналды. Олардың басым көпшілігі аймақта болып жатқан дүниелерге, атап айтқанда Өзбекстан билігінің Ауғанстан мәселесіне араласуына, Орталық Азия елдері басшылары саммитінің өтуіне, Назарбаевтың Түркістанға облыс мәртебесін беруіне өткенге оралуға, аймақтық интеграцияға, ішкі мәселелерді өзгелердің көмегінсіз шешуге деген талпыныс деп бағалауда.

"The Qazaq Times"