Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ресми іссапармен Өзбекстанға барды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын тәжік басшысының Ташкентке сапары жөнінде айтудың өзі күлкілі болатын. Себебі Ислам Кәрімовтың тұсында Өзбекстан мен Тәжікстан қарым-қатынасы өте нашар деңгейде еді. Екі ел арасындағы тауар айналымы төмен, ал мина алаңына айналған мемлекеттік шекара соғыс кезін еске түсіретін. Бірақ соңғы бір жарым жылда Ташкент пен Душанбе қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Бұған дейін Тәжікстанға ресми іссапармен Шавкат Мирзиеев барып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс, шекара, кеден қызметі сияқты өзекті мәселелерді талқылап қайтқан.
Өзбекстан президент әкімшілігінің мәліметінше, Эмомали Рахмон мен Шавкат Мирзиеев кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және коммуникациялық байланыс жөнінде келіссөздер жүргізеді. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, Рахмон мен Мирзиеев бұл жолғы кездесулерінде Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы су-энергетикалық байланыс және Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық жобалары жөнінде сөйлеседі. Атап айтқанда қазіргі таңда ресми Ташкентті «Рогун» гидро электр станциясы құрылысының аяқталуына байланысты Тәжікстаннан келетін су мәселесі, ал Душанбені болашақта Тәжікстан экономикасының Қытайға тәуелді болып қалуы алаңдатады.
Бұдан бөлек қос тарап Ауғанстан мәселесін талқылайды деп күтілуде. Эмомали Рахмон соңғы уақыттары Тәжікстан шекарасы маңындағы аудандарды өз бақылауына алған Талибан қозғалысымен Өзбекстан арқылы байланыс орнатуды көздеуде. Себебі ресми Ташкент билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуімен Ауғанстан дағдарысына көбірек көңіл бөле бастаған және Талибан қозғалысымен бейресми байланыс орнатқан.