АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық барлау агенттігінің (CIA) бұрынғы басшысы Джон Бреннанды құпия мәліметтерге қол жеткізу құқығынан мақұрым етті. Ақ үй баспасөз хатшысы Сара Сандерс мәлімдемесінде, Бреннанның әрекеттерін эксцентристік әрекет деп бағалап, президент Трамптың бұйрығын журналистер алдында оқып берді. Бұл туралы Washington Post басылымы мәлімдеген болатын.
Орталық барлау агенттігінің бұрынғы басшысы Бреннан Трамптың Путинмен кездесуіне түбегейлі қарсы тұрып, кездесуден кейін Ақ үй басшысының бұл қадамын ауыр сынның астына алған еді. Ол және 2016 жылғы президент сайлауында Ресей мен Трамптың жұмыс тобының арасындағы байланысы бар екенін дәлелдеуге болатынын да бірнеше рет айтқан.
Бреннанның Трампқа бағыттаған сындарының соңғысы 14 тамызда болды. Ол өзінің Твиттер парақшасына арнайы Трампқа бағытталған пікір жазып: «Ол тіпті тәртіптің, қалыпты мәміле жасаудың және ар-намыстың аз болса да белгісін танытудан қалды», – деп жазды.
Осы мәлімдемеден кейін Трамп: «Атқарушы биліктің жетекшісі және бас командир ретінде мен, Конституция бойынша, еліміздің құпия мәліметтерін қорғауда үлкен жауапкершілігім бар. Құпия мәліметтерге кімдердің ие болуы да менің құзыретімде. Мен Орталық Барлау Басқармасының бұрынғы директоры Джон Бреннанды құпия мәліметтерге қол жеткізу құқығынан мақұрым етуді шештім», – деген бұйрық шығарды.
Бір сөзбен айтқанда Трампты тіл істігіне қадаған бірқатар лауазымдылар, барлау қызметкерлері, бұрынғы қызметкерлер президенттің қолындағы құқықтан таяқталып шықты. Бреннанның ісіне келер болсақ, Трамп бұйрығында оның құпия мәліметтерді сыртқа шығару немесе сол арқылы ақша тауып жатқаны туралы айыптау сөздері жоқ. Тек Сара Сандерстің аузымен «ақылға симайтын сөздер», «ұнамсыз жүріс-тұрыс» деген секілді жалаң айыптар тағылды. Бұнысы көзқарақты жұртқа Трамптың өз құқығынан пайдаланып кек алуы болып көрінді.
Десе де, аталған шешімді Трамп барлау агенттіктерінің директорларымен кеңескеннен кейін қабылдағаны да анық.
Трамптың бұл шешімі жариялана салысымен АҚШ қоғамында түрлі пікірлер желдей есті. Бұрынғы мем. хатшы Джон Керри болса, Трамптың басқаруы «банан республикасының» түзіміне ұқсап барады деп келекеледі. «Трамп өзіне қарсы келгеннің бәрінің аузын жауып жатыр» деген пікірлер де БАҚ-та көрініс берді. Бұл жағдай Ақ үйдің атмосферасын астаң-кестең күйге түсірді.