АҚШ Конгрессінің ресми сайтында Ресейге қарсы санкцияларды күшейту жөніндегі жаңа заң жобасы жарияланды.

"Кремль агрессиясынан Америка қауіпсіздігін қорғау туралы заң" деп аталатын құжат АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей лидері Владимир Путинмен 16 шілдеде Хельсинкде кездесуінен кейін әзірленген. Құжат саяси мәлімдемелер мен Ресей әрекетіне жауап ретінде бірқатар нақты қадамдардан тұрады.

Заң жобасында Құрама Штаттар 1940 жылы қабылданған Совет Одағының Балтық елдерін аннексиялауын мойындамау жөніндегі декларация үлгісі бойынша Ресейдің Қырым аннексиясын мойындамайтыны айтылған. Сонымен бірге құжат АҚШ президенті әкімшілігіне елдің НАТО құрамынан шығуына бағытталған қадамдар жасауына тыйым салады.

Бұдан бөлек заң жобасында химиялық қару қолданғаны үшін (Британияның Солсбери қаласында Сергей және Юлия Скрипальдың улануына қатысты), кибершабуыл және 2016 жылы АҚШ президенті сайлауына араласқаны үшін Ресей кінәлі деп танылған.

Құжат қабылданғаннан кейін, 180 күн ішінде АҚШ президенті "Ресей президенті Владимир Путиннің мүддесі үшін заңсыз және жемқорлық әрекетке барып жатқан саясаткерлер мен олигархтарға және Путинмен байланысы бар адамдар мен ұйымдарға қарсы санкциялар енгізуі тиіс» делінген.

Құжат Ресейдің дербес қарызына байланысты транзакцияларға шектеу қоюды көздейді және АҚШ-та Ресейдің Сбербанк, ВТБ, Внешэкономбанк және Газпромбанк секілді ірі банктерінің жұмыс істеуіне тыйым салыну қарастырылған.

Заң жобасында АҚШ-тың ұлттық барлау қызметі 180 күн ішінде Конгресске Владимир Путин мен оның отбасы мүшелерінің жеке активтері жөнінде мәлімет беру керектігі айтылған.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін 90 күн ішінде мемлекеттік хатшы Конгресске Ресей "терроризмді қаржыландыратын мемлекет" өлшемдеріне сәйкес келетіні, не келмейтіні жөнінде пікір білдіру керек.

Бұл заң жобасы қашан қаралады, әзірге белгісіз. Ресейге қарсы санкциялар енгізу туралы заң жобасы былтыр Конргесстегі екі палатада көпшілік дауыспен қабылданған.

“The Qazaq Times”