Қытай мен АҚШ арасындағы сауда-саттық соғысы ушыға түскен кезде, АҚШ пен өзге мемлекеттер арасындағы сауда жанжалдары біртіндеп шешімін таба бастады. Өткен аптаның соңында АҚШ президенті Мексикамен жаңа сауда келісіміне қол жеткізе алғанын мәлімдеді.
Трамп өзінің Твиттер парақшасына: «Мексикамен жасалған келісім ойдағыдай болды. Автокөлік өндірушілер мен фермерлерге қамқорлық керек, әйтпесе келісім болмайды. Канаданың сауда тарифтері мен кедергілері тым жоғары. Бұл ретте АҚШ-Мексика арасындағы келісімді күтетін болады. Егер келісімге қол жеткізе алмасақ, автокөлік өнімдеріне кеден салығы енгізілетін болады», – деп жазған.
Бұл Трамптың Еуропа одағымен жасасқан келісімінен кейінгі тағы бір жетістігі беуге болады.
Өткен аптада Ақ үй Ұлттық экономикалық кеңесінің директоры Кадлоу бірнеше ақпарат құралдарында Қытайға ескерту жасап: «Ең дұрысы президенті Трампты төмен бағаламағандары дұрыс, жақын арада Құрама Штат альянс қалыптастыратын болады, бұл әрине Қытайдың әділетсіз сауда саясатына жауап болмақ», – деген еді. Оның айтып отырған бұл альянсы Қытай бірігуді көздейтін ЕО, Мексика Жапония және Аустралияны (Австралия) қамтиды. Егер жаңа Солтүстік Америка еркін сауда келісімі табысты болатын болса бұл қатарға Канада да қосылмақ.
Мексикада 1 шілдедегі президент сайлауы кезінде Лопес Оброрд жеңіске жетті. Ол сайлау кезінде АҚШ-қа қатаң саясат ұстанатын болып көрінгенімен, сарапшылар Оброрд президент болғаннан кейін АҚШ-пен байланысты жақсартуға тырысады деп болжаған. Әрі, бұл болжам алғашқы адымда тура шығып отыр.
Ал, бастапқыда АҚШ-тың сауда саясатына көнбейтін көрінген Еуродақ ымыраға келе бастады. Сарапшылар алдағы уақытта Жапония да ЕО-ның ізін жалғайды деп қарайды. Аустралия онсыз да АҚШ-тан бас тартпайтын адал серігі. Егер бұған Канада мен Мексиканы қосатын болсаңыз шынында АҚШ-тың үлкен альянсқа ие болғанын байқайсыз.
Оны былай ашалап айта кетейік – Трамп барлық көпжақты келісімдерді қайырып қойып, жеке-жеке келісімдер жасасты. Жоғарыда аталған елдер мен өңірлер жаһандық нарықтың 70 пайызын иелейді. Ал, көп жылдар бойы Қытай ырғын пайдаға кенеліп келген Дүниежүзілік сауда ұйымының алдағы мәртебесі күмәнді. Бұдан келіп шығатын түйін – Қытай АҚШ-пен сауда соғысы кезінде оқшауланып, жаңа сындарға тап келуі мүмкін.
Құрама Штат пен жапон сауда министрлерінің сауда келіссөз раунды жұма күні бір мәресіне жетіп тоқтады. Тараптар автокөліктерге салынатын салық пен ауыл шаруашылық өнімдерінде ғана сөз бірлігіне келе алмады. Алайда, Қытай мәселесі тұрғысынан, АҚШ пен Жапон үкіметтері жаһандық экономикалық мәселелерде бір-бірін қолдайтыны анық бола түсті. Айталық, әділетсіз сауда саясатын жою және зияткерлік меншік құқығы мәселесінде көзқарастары ортақ, тілі бір. Жапонияның ықпалды басылымдары ЕО-ны қамтыған «Қытайды қоршау желісі» дейтін жаңа жоспарларды көптеп талқылай бастады.
Десек те, әлемді жалынымен шарпып кетуі мүмкін сауда соғысы мәселесінің тағы бір қырынан алып қарамай болмайды. Қазір Қытай өзіне төнген қысымдарға қарамастан майданында табандап тұратынын анық байқатты. Бұл орлардың ұлттық менталитетімен де байланысты. Айталық, кейде бір «аттан түссе де үзеңгіден түспей» жалған намысқа басып, Қытайды халықаралық қысым иліктіре алмайды дегенді көрсеткісі келетіні. Соған қарамастан, Қытайдың ресми басылымдарының бірі «Халық газетінің» өткен жұма күні жариялаған көлемді сараптамалық мақаласы, қалай болмасын Қытайдың бұл теке-тіресте тауы шағыла бастағанын аңғартқандай болды. Онда, Құрама Штатың өзі лидер болған халықаралық сауда-экономикалық жүйені қалыптастырып келе жатқанын анық мойындаған. Дегенмен, халықаралық ережелерді өзінің жеке құралы ретінде пайдаланғысы келетінін сынға алған.
Сауда соғысымен бірге екі ел арасындағы ақпарат соғысында ескеру керек. АҚШ-Қытай арасындағы бұл сауда қақтығысын іздестіріп, екі елдің ықпалды БАҚ өкілдерін шолып шығар болсаңыз, бір-біріне қарша боратқан түрлі сараптама, сын, пікір, айыптауларға ұшырасасыз. Сауда соғысында кімнің айбыны асып, туы желбірейтінін қазір болжау ертерек. Себебі, бұл сауда соғысының алғашқы раунды деуге болады.