Бүгін, 10 тамыз қазақтың ұлы ақыны хакім Абайдың туғанына 173 жыл толды. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, данұшпан-ойшыл, хакім Абайдың қай күні дүниеге келгеніне байланысты кереғар пікірлер көп. Бірі ұлы ақынды 10 тамызда дүниеге келген десе, енді бірі 23 тамызда туған деген пікір айтады. Дегенмен ақын ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда туған. Ал 1917 жылдан бастап, бұл 23 тамызға сәйкес келеді.
Абай халықтың жоғын жоқтап, кемел жолға бастар жолды іздеді. Сол жолда аянбай тер төгіп, өз заманының сипатын, халқының сол кездегі жағдайы мен психологиясын, жеке адам бойындағы жақсы не жаман ниеттерді, өзінің дүниетанымында бейнеледі. Артына қалдырған мол мұрасы қазақ мәдениеті мен әдеби тілінің дамуына үлкен ықпал жасады. Қара бастың емес, бар Алаштың қамын ойлап, "қалың елім, қазағым, қайран жұртым", - деп тебіренген Абай Құнанбайұлының өрелі ой, келелі кеңес беретін сөздері жүрегіміздің хақ төрінен орын алатыны анық. Осы орайда ақынның өлең-жырлары мен қара сөздерінен алынған нақыл сөздерді назарларыңызға ұсынамыз.
*Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.
*Надан ел - қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады.
*Адам баласының ең жаманы - талапсыз.
*Қайратсыз, қорқақ кісі - мақтаншақ келеді.
*Жинақылықтың түбі - кеніш.
*Уайым-қайғының ішіне кіріп алып, шығар есігін таба алмай қамалып қалу - антұрғандық.
*Адам баласы жылап туды, кейіп өледі.
*Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ - өнерсіз иттің ісі.
*Әуелі - құдайға сиынып, екінші - өз қайратыңа сүйеніп, еңбек қылсаң, қара жер де құр тастамайды.
*Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы – осы. Хайуан білмейді - білемін деп таласпайды да.
*Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас.
*Мақтан қума, керек қу.
*Көптің аузын күзетіп, күн көре алмайсың.
*Адамзат - бүгін адам, ертең - топырақ.
*Адамды сүй, Алланың хикметін сүй.
*Қолдан келмес іске ұмтыл - азат басың болсын құл.
*Өмірдің алды - ыстық, арты - суық. Қарекет қыл - пайдасы көпке тисін.
*Татулықтан артық жолдас жоқ.
*Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ.
*Жастықта көкірек - зор, уайым - жоқ. Жастықта бір күлгенің - бір қаралық.
*Дұшпаныңа әділ бол.
*Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын.
*Тұрлаусыздың қолынан түк келмейді.
*Майданға түспей - бәйге алма.
*Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас.
*Кейбіреу құр тілмен мал жиғысы келеді.
*Баланың мал табары болады, мал шашары болады.
*Ауруды жаратқан құдай, бірақ ауыртқан құдай емес.
*Адам баласын заман өсіреді.
*Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: олар - надандық, еріншектік, залымдық.