ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов этникалық қазақтардың мәселесі жайлы баяндады.
Бүгінде 700 этникалық қазақтың Қытайдан келуіне құқығы жоқ.
«Қазір Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының билігі 675 этникалық қазақтың Қазақстанға келуіне рұқсат беру мәселесін қарап жатыр. Бүгін, 7 тамызда, қос азаматтығы бар 19 азаматтың 15-іне салынған уақытша тыйым алынды», – дейді Әбдірахманов.
Министрдің айтуынша, мәселе толық шешілген жоқ. Алайда Қазақстан тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр.
«Бейжің мен Үрімжіде, Алматыдағы Қытайдың бас елшілігінде ресми кездесулер өткізіп жатырмыз. Мәселе 24 сағат бойы қаралып жатыр. Мемлекет басшысы бұл мәселені назарда ұстап қана қоймай, шешімін табу керектігін тапсырған болатын», – деді министр.
Министр Қазақстан азаматтығын алған этникалық қазақтардың Қытайда жинаған зейнетақысын ала алмау мәселелесі де бар екенін атады. Бұл жөнінде де жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Естеріңізге салайық, тамыз айының 1-і күні Панфилов аудандық соты «Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті» деген айып тағылған Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды сот залынан босатқан. Бұл қоғамда қызу талқыланып, азаматтық белсенделер, журналистер мен саясаткерлер Қазақстан сотының бұл шешіміне оң баға берген.
Қытайдағы этникалық қазақтардың қысым көріп жатқандығы жөнінде БАҚ беттерінде 2017 жылдың сәуір айынан бастап айтыла бастаған. Дәл осы жылы Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының бесінші реттік құрылтайында германиялық қазақ Өмірхан Алтын президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытайдағы этникалық қазақтардың жергілікті билік тарапынан қысым көріп жатқандығы жөнінде айтқан.