2018 жылғы 1 тамызда білім гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссия өз жұмысын бастады, – деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі ресмии сайтында.
Республикалық комиссия отырысында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау бойынша үлкен дайындық жұмысының қорытындысы шығарылады. Жыл бойы Министрлік студенттер контингентін іріктеу сапасын арттыру және қалыптастыру бойынша бірқатар жүйелі шараларды жүргізді.
Биыл гранттар саны 20 мың орынға көбейтілген. Ганттардың 11 мыңы техникалық мамандықтарға, оның ішінде ақпараттық технологиялар, робототехника және нано-технологиялар саласындағы мамандарды даярлауға, 5 мыңы – еңбек нарығына қажет басқа да мамандықтарға, 3 мыңы – магистрлерді, 1 мыңы PhD докторларын даярлауға бағытталды. Осылайша, жоғары білім алу үшін білім гранттарының саны 53 594 грантқа дейін жеткізілді.
Айталық 50 944 грант 1 курсқа қабылдау үшін, 2650 орын – жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдері үшін бөлінді.
Аталған басымдықтарды ескере отырып, 24 737 грант техникалық ғылымдар және технологиялар мамандықтарына, 9 499 грант - білім, 2 785 грант – ауылшаруашылық және ветеринария мамандықтарына, 2 700 грант – медицина (денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету) мамандықтарына, 1 450 – гуманитарлық ғылымдар мамандықтарына, 100 – құқық мамандықтарына, 300 – өнер мамандықтарына, 1 780 – әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес мамандықтарына, 3 246 – жаратылыстану ғылымдары мамандықтарына, 2 330 – қызмет көрсету мамандықтарына және 500 грант әскери іс және қауіпсіздік мамандықтарына қарастырылды.
Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға жіберілген жоғары оқу орындарының тізімі кеңейтілген. Білім грантын тағайындау конкурсына 75430 адам қатысуда, оның ішінде 60327 адам – қазақ тіліндегі оқу бөліміне, 14810 адам – орыс тіліндегі оқу бөліміне, 293 адам - ағылшын тіліндегі оқу бөліміне тапсырған.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы шеңберінде квота бойынша оқуға 5494 адам конкурсқа қатысуда.