Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты жемқорлық дауы бір сәтте толастаған емес. Осы уақыт аралығында Қазақстандағы жемқорлықтың масштабы қарапайым балабақшадан бастап, премьер-министрге дейінгі аралықты қамтыйтын ғаламдық деңгейге жетті. Билік жемқорлармен күрес жүргізгенмен осы уақытқа дейін жемқорлық дерті асқынбаса, бәсеңдеген жоқ. Бұл текетірестің нәтижесі қандай болады? Түптің түбінде кім жеңіске жетеді, Қазақстан ба, жемқорлық па?

Жақында мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев соңғы жарты жылда 700-ге жуық азаматтың жемқорлық бабы бойынша ұсталғандығын мәлімдеді. Оның ішінде 18 республикалық, 55 облыстық, 101 қалалық және аудандық маңызға ие қызметтердегі тұлғалар бар. Шпекбаев мырза келтірген статистикалық мәліметтерге бір қарағанда Қазақстандағы жемқорлықпен күрес бұрын соңды болмаған қарқынмен жүріп жатқандай көрінеді. Бірақ «Transparency International» халықаралық ұйымы жариялаған рейтингке қарап, ұсталған 700 адамның «айсбергтің бір шеті» ғана екендігіне көз жеткізесің.

«Transparency International» халықаралық ұйымының 2017 жылғы есебі бойынша, Қазақстан жемқорлық жайлаған 180 мемлекеттің ішінде 31 баллмен 122 орынға тұрақтаған. 2016 жылмен салыстырғанда Қазақстан 2017 жылы 2 балл көп жинап, 30 баллдық межені артқа тастап, «жемқорлық толықтай жайлаған мемлекеттердің» қара тізімінен шыққан. Осы тұста сіз «18 миллион ғана халқы бар елде 700 адамның жемқорлық бабы бойынша ұсталуына халықаралық ұйымдар неге 2 ғана балл берген ?» деп ойлауыңыз мүмкін. Олай болса біз сіздің бұл сұрағыңызға парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев келтірген статистикалық мәліметтермен жауап беріп көрейік. Перуашев мырзаның айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейінгі статистика бойынша, Қазақстанда 98 499 мемлекеттік қызметкер бар. Оның 436-ы саяси мемлекеттік қызметкер. Қалған 98 063 адам әкімшілік қызметте. Орта есеппен алғанда Қазақстанда 180 мың адамға бір басқарушы шенеуніктен келеді. Енді бұдан жоғарыда Шпекбаев мырза айтқан жемқорлық бабымен ұсталған 700 адамды алып тастайық. Қандай есеп шығады? Дұрыс айтасыз, көз алдыңызға өте күлкілі есеп көрінеді. Әрине, біз бұл арада мемлекеттік қызметте жүрген 98 мың адамның барлығы жемқор деп айтудан аулақпыз. Бірақ статистикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, болашақта дәл қазіргі бюрократиялық жүйеде 98 мың адамның ішінен қаншама адам жемқорлық бабымен ұсталуы мүмкін екендігін елестетудің өзі қорқынышты. Оның үстіне билік шенеуніктер армиясының санын азайту мен қағаз бастылықтан арылуға ешқандай әрекет жасамауда.

Жалпы, біз өзімізді АҚШ, Германия, Жапония сияқты алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттермен салыстырғанды жақсы көретін елміз ғой. Олай болса, мемлекеттік қызметкерлердің саны бойынша да дәл осы мемлекеттермен өзімізді салыстырып көрейікші. Статистика бойынша, Қазақстанда жұмыс істеуші халқтың 21 пайызын мемлекеттік қызметкерлер құрайды. АҚШ пен Германияда бұл көрсеткіш 14%, Қытайда 9%, Жапонияда 8 пайыз ғана. Оның үстіне бұл мемлекеттердің халық саны бізден бірнеше есе көп. Бір сөзбен айтқанда Қазақстан 30 дамыған елдің қатарына кірмесе де, шенеуніктер армиясын құруда алдына жан салмай тұр.

“The Qazaq Times”