АҚШ-тың Қаржы министрлігі кеше, 1 тамыз күні Түркия СІМ және Әділет министрлерінің активтері мен есепшоттарын бұғаттап тастады. Бұл жөнінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс мәлімдеді.
Бүгін, осы шешімге байланысты Түркияның Сыртқы істер министрлігі өз қарсылығын білдірді. «АҚШ-тың агрессивті әрекетіне жедел әрі лайықты түрде жауап жасалатын болады. АҚШ-ты осы қате шешімнен бас тартуға шақырамыз», - делінген, Түркия СІМ-нің мәлімдемесінде. АҚШ-тың Түркия СІМ министрі Сүлеймен Сойлу мен Әділет министрі Әбдүлхамид Гүлге санкция енгізуіне Түркия билігінің америкалық пастор Эндрю Брансонның отанына оралуына рұқсат етпеуі себеп болған. Оның үстіне, Түркия оған қарсы 2016 жылғы төңкеріс әрекетіне қатысы бар деген айыппен сот ісін жалғастыруда. Егер осы министрлердің АҚШ территориясында есепшоттары мен активтері бар болса, түгел бұғатталмақ. Санкция 2016 жылы АҚШ конгресі тарапынан қабылданған Магнит деп аталатын жаһандық акті аясында қабылданған. Бұл акт Уашингтонның пікірі бойынша, адам құқығын бұзу мен жемқорлыққа қатысы бар тұлғаларға қарсы бағытталған.
Еске салайық, Түркияның Измир қаласында тұратын протестанттық пастор 2016 жылдың соңында Түркияда тыйым салынған Күрд Жұмысшылар партиясы мен «ФЕТО» ұйымына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған еді. Қазіргі уақытта үйқамаққа алынған Э.Брансонға 35 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылу жазасы берілуі мүмкін.
Осыған дейін де сайтымызда жазғанымыздай, АҚШ президенті Дональд Трамп шілде айының соңында пастордың тұтқындалғаны үшін Түркияға санкция енгізуі мүмкін екенін ескерткен еді. "Пастор Эндрю Брансонды босатыңыздар немесе біздің қандай шешімге баратынымызды күте беріңіздер", - деп жазған еді АҚШ президенті өзінің "Твиттер" парақшасында.