АҚШ Мемлекеттік департаментінің жетекшісі Энтони Блинкен Ресейдің Америка Құрама Штаттарына қарсы қастандық әрекеттері тексеріліп жатқанын, бұл күдік расталса «ауыр жауабы» бар екенін айтты. Мемлекеттік хатшы бұл пікірін CNN арнасына берген сұхбатында ортаға салған.
Блинкен сөзі Ресейдің Құрама Штатқа қарсы зиянды іс-қимылдары туралы барлау қызметінің тергеу жұмыстарын меңзейді. Қазір АҚШ Орталық барлау агенттігі осы турасында қорытынды мәлімдеме дайындап отыр. Жақында АҚШ Конгресс мүшелері алдында баяндама жасалмақ. Блинкен сөзінде егер аталған қорытынды да Ресейдің «қастандығы» расталса «АҚШ мүддесін қорғау үшін тиісті шаралар жасалатынын» айтқан.
АҚШ мем. хатшысының сөзінше, Құрама Штаттардың батыстық одақтастарына Ресейге қатысты «сергек болу» ескертілген екен, соған қоса Мәскеуді бірлесіп жауапқа тарту үшін «ортақ міндеттеме» алған.
Ол Ресейге нақты қандай жауап қайтарылатынын ашық айтпаған. Тек, қарсы шаралар НАТО-дағы одақтастарымен ақылдасу үстінде екенін білдірген. АҚШ бас дипломатының бұл сөзіне қарағанда Ресейге қарсы кезекті жауап аса ауқымды болуы мүмкін. Бұған тіпті НАТО-дағы одақтастары да тартылуы мүмкін.
Байден әкімшілігінің Путин билігіне қатаң болатыны осыған дейін де, тіпті ол қызметке кірісуден бұрын айтылып келген еді. Путин мен Байден ядролық қаруды бақылауға алу келісімінің мерзімін ұзарту турасында тез тіл табысты. Бұл кейбір сарапшыларды Уашингтон мен Мәскеу арасында жылымық болуы да мүмкін деп болжауға итермелеген. Бірақ, бір ғана мәселеде келісімге келіп, Байден Путиннің ол қадамын алқағанымен басқа мәселелер жетерлік болды. Әсіресе, Ауғанстандағы АҚШ әскерлерін өлтірген тәліптерге сыйақы төлеу туралы айыптау Кремльге оңай тиген жоқ. Осы секілді айыптары дәлелденсе алдағы уақытта Ресейге ес жия алмайтын жаңа санкция салынуы мүмкін деп болжауға негіз бар.
Жалпы Ресейге тағылған негізгі айыптардың қатары мынау: АҚШ-тағы сайлауға араласу арқылы, демократиялық жүйеге қол сұғу; АҚШ-тың Solar Wind технологиялық компаниясының АҚШ үкіметтік желісіне ену үшін хакерлік шабуыл жоспарлаған; Ауған жеріндегі АҚШ әскерлерін өлтіргендерге сыйақы төлеген, т.б. Егер бұған «Гавана синдромы» да Ресейдің айыбы қатарына жатқызылса оның салдары Ресей үшін тіпті де ауыр бола түседі.
Әрине, өз кезегінде Мәскеу бұл айыптарды жоққа шығарды.