Панфилов аудандық сотындағы жарыс сөзде айыптаушы тарап Сайрагүл Сауытбайды сот залынан босатуды сұрады.

Бүгін тамыз айының 1-і күні Панфилов аудандық сотында прокурор Арзыгүл Имярова «Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті» деген айып тағылған Сайрагүл Сауытбайдың  балалары Қазақстан азаматы екенін, осы елде тұратынын және балаларымен кездесуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Ол осыған байланысты әрі Сауытбай қылмысын мойындағандықтан оған Қазақстаннан шығару жазасын қолданбауды сұрады.

Жарыс сөз. Фото: QT

"Іс-әрекетінде қылмыстық жазаны ауырлататын жағдайлар болмағандықтан, оны Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1 бөлігімен ("мемлекеттік шекараны заңсыз қасақана кесіп өту" - ред.) кінәлі деп танып, алты айға бас бостандығынан айыру, бірақ оны шартты жазаға ауыстыру және алты ай пробациялық бақылауға алу жазасын кесуді және сот залынан босатуды сұраймын" деді прокурор

Айыптаушы тараптан кейін сөз алған Сайрагүл Сауытбай мен оның қорғаушысы Абзал Құспан прокурордың сұраған жазасымен келісетіндіктерін мәлімдеді. Осыдан кейін судья сот үкімі сағат 15-30-да оқылатынын айтып, үзіліс жариялады.

“The Qazaq Times”