Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайғылы қазасынан кейін Қазақстан жұртшылығы ішкі істер министрлігін жерден алып, жерге салуда. Бірі еліміздің басты полицейі «Қалмұханбет Қасымовты орнынан алып тастау керек» десе, енді бірі «ІІМ толықтай реформа қажет» дейді. Осыған байланысты бүгін біз «билік халық талабын орындай ала ма және одан полиция жұмысы қаншалықты өзгереді?» деген сұраққа жауап іздеп көруді жөн көрдік.
Жалпы, Денис Теннің қазасына дейін де қазақ қоғамы полиция қызметкерлеріне сенуден қалған. Осыдан біраз уақыт бұрын «Орталық Азиядағы демократияны дамыту» қоры ІІМ жұмысына қатысты әлеуметтік зерттеу жүргізген. Зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының 63 пайызы полиция қызметкерлеріне сенбейтіндігін айтқан. Сену былай тұрсын. Қазір ел арасында полиция қызметкерлеріне деген өшпенділік күн санап артып келеді. Бұл өшпенділік ауық-ауық көпшілік назарына ілігіп те жатыр. Осыдан тұп-тура бір жыл бұрын Алматы қаласында полицияға өштескен Руслан Күлекбаев деген азамат сегіз бірдей тәртіп сақшысын өлтірген. Осы кезде азаматтық белсенділер мен саясаткерлер «біздің полицияға түбегейлі реформа қажет» деген пікірлер айтқан. Бірақ ІІМ сегіз адамның өмірін қиған қанды қырғынан ешқандай сабақ алмағанын биыл тағы дәлелдеді.
Денис Теннің қайғылы қазасы ішкі істер министрлігінің іріп-шіріген орган екендігін «тайға таңба басқандай» етіп көрсетті. Бұл жерде жеті жыл бір орнында табжылмай отырған Қалмұханбет Қасымовтың отставкаға кетуі мәселені шешпейтіндігі айтпаса да түсінікті жайт. Себебі ішкі істер министрлігіндегі барлық мәселе Жаңаөзен халқын «тағы шықса тағы атамыз» деген министрге байланып тұрған жоқ. Бұл жерде ішкі істер министрлігіне Грузиядағыдай толыққанды реформа қажет. Бірақ Грузияда жалғыз министрлікке ғана емес, тұтастай билік жүйесіне реформа жасалғанын айта кеткен жөн. Дәл қазіргі жағдайда егер билік қоғам талабын орындап, Қасымовты қызметінен босатып, алдағы уақытта ІІМ реформа жасаған күннің өзінде бұл халық наразылығын уақытша басу болып шығады. Яғни тоғыз, он, жиырма немесе отыз жыл отырған креслодан айырылып қалмаудың қамы.