АҚШ пен Аустралияның (Австралия) Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің 2018 жылға арналған консультация жиыны 24 шілде күні өз мәресіне жетті. Жиыннан кейін тараптар журналистерге арналған баспасөз конференциясын өткізді. Тараптардың кеңейтілген отырысында және баспасөз жиынында болсын АҚШ пен Қытайдың өңірдегі ықпалы көбірек талқыға түсті. Жиын кезінде сөйлеген сөзінің бірінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео: «Демократия құндылықтары мен адам құқығын қадірлеуге деген ұмтылыс, Тынық мұхитының оңтүстігіндегі арал елдерін Қытайдан көрі АҚШ-пен достасуға итермелейді», – деді.
Осыдан бұрын Аустралия СІМ басшысы Қытайдың Оңтүстік Тынық мұхиты аймағында барған сайын артып келе жатқан ықпалына байланысты алаңдаушылығын білдірген болатын. Баспасөз жиыны кезінде аустралиялық бір журналист осы мәселені алға тарта отырып, АҚШ мемлекеттік хатшысынан бұған қалай қарайтынын және Құрама Штат тарабы қандай шаралар қабылдайтынын сұрады.
Журналисттің сұрағына жауап берген Помпео: «Америка Құрама Штаты – демократиялы қоғам. АҚШ-тың ықпалын кеңейту тәсілі демократиялы емес елдердің өз ықпалын кеңейту әрекеттеріне ұқсамайды. Тарихтан алып қарғанда, түбінде Оңтүстік Тынық мұхиты аймағында ғана емес, бүкіл әлемде АҚШ-тың таңдаған жолы ғана жеңіске жететінін көруге болады», – деді.
Екі күнге жалғасқан консультациялар барысында Құрама Штат пен Аустралияның төрт бірдей министрлігі екі елдің дипломатиялық және әскери саладағы тығыз ынтымақтастығын анық байқатты. Оған дәлел, Аустралия қорғаныс күштері мен өңірдегі аралды елдердің әскери ынтымақтастық әрекеттеріне АҚШ қарулы күштерінің де қатысатын болуы.
Айта кетейік, осы жылдың екінші жартысында Аустралия армиясы Вануату, Фиджи, Тонга, Самоа, Соломон және Папуа-Жаңа Гвинея сияқты Оңтүстік Тынық мұхиты арал елдеріне барып, жергілікті жауынгерлермен түрлі әскери жаттығуларды өткізеді.
АҚШ пен Қытайдың Тынық мұхитындағы бақталастығы барған сайын қыза түсуде. Оңтүстік Қытай теңізі, Батыс Тынық мұхит жағалау елдері, Оңтүстік Тынық мұхит елдеріндегі АҚШ-Қытай тартысы ұзақ болашақтың күрделі қайшылығы болып шығуы бек мүмкін. Соңғы жылдары Қытай Тынық мұхиты аймағындағы шағын елдермен экономикалық және сауда байланыстарын едәуір нығайтты. Бұл Аустралия тарабын қатты алаңдатты. Сондықтан да Канберра үкіметі жақында Тынық мұхитындағы шағын елдерімен дәстүрлі серіктестікті қамтамасыз ету және нығайту үшін бірқатар шаралар қабылдады. Бұған Құрама Штат та қолдау көрсетіп отыр.