Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен әскери оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді.

Өзбекстан қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақ-өзбек қарулы күштері терроризмге қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығу жұмыстарын өткізген. Оқу-жаттығу жұмыстары барысында барлау, таулы аймақта соғыс жүргізу, әуе және артиллериялық  шабуыл іс-қимылдары пысықталған.

Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан қарулы күштерінің бірлескен оқу-жаттығу жұмыстарының бірінші бөлігі шілде айының 10-ы мен 16-ы күндері аралығында Қазақстан аумағында өткен. Ол кезде де қос тарап терроризмге қарысы бірлесіп күресу жұмыстарын пысықтаған.

Жалпы, соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы әскери бағытта ғана емес, өзге де салаларда жаңа деңгейге көтерілген. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 32,1 пайызға өсіп, 2 миллиард долларға жеткен. Қос тарап 2018 жылы бұл көрсеткішті 3 миллиард долларға, ал 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізуді көздеуде.

“The Qazaq Times”