Сүриялық ақпарат құралдары Асад күштерінің ресейлік әскерилері көмегімен қалаға кіріп, қала орталығындағы алаңға ел байрағын тікті деп хабарлайды.
Оппозиция күштері қаруларын тастап, рақымшылыққа кепілдік берілген жағдайда елдің солтүстігіне кетуге келіскен. 19 маусымнан бастап үкіметтік күштер Дера қаласының маңайындағы ауқымды территорияны өзінің бақылауына алған. БҰҰ-ның мәліметіне қарағанда, қақтығыстың салдарынан 234 мың адам босқынға айналып, олардың 70%-ы Израиль тарапынан басып алынған Голан шыңдарымен қатар орналасқан Кунейтра қаласына бас сауғалаған. Ал, Иордания шекарасындағы он мыңдаған босқын маусым айының басында Дера маңайындағы оппозиция күштері қаруларын тастап, Шам (Дамаск) бақылауына өтуге келіскеннен кейін өз үйлеріне оралған.
Биліктің Шамға өтуі неліктен маңызды?
Аталған қаланың стратегиялық әрі символдық маңызы өте үлкен. Осы маңызды қала Иорданиямен арадағы басты шекаралық нысанға тікелей жақын орналасқан. Сонымен қатар, дәл осы жерде 2011 жылы Асад режиміне қарсы көтеріліс басталған еді.
Сол кездегі қарсылық шаралары билік мектеп қабырғаларына үкіметке қарсы жазулар жазған бірнеше жеткіншекті тұтқындағаннан кейін басталған еді. Бұл сол кездері «Араб көктемі» деген атау алған көрші елдердегі революциямен тұспа-тұс болды. Билік қарсылық шарасына шығушыларға қарсы атыс қаруын қолданғаннан кейін бүкіл ел аумағында Асадтың билік басынан кетуін талап еткен қарсылық шаралары тұтанды. Көтеріліске шығушылардың саны күн сайын артып, ал биліктің оларға қарсы қолданған айла-тәсілдері аса қатаң жағдайға жетті. Оппозиция күштері қаруға жүгінді. Бастапқыда билік тарапынан жаудырылған оқтан қорғану үшін қаруланғанмен, кейін қару оларға ел территориясын бақылауға алу үшін керек болды. Нәтижесінде, кейін азаматтық соғысқа ұласқан осы сойқанның салдарынан 350 мыңнан астам адам қаза тауып, 11 млн адам босқынға айналды.
Қарулы оппозиция неліктен Дера қаласында берілді?
Сүрияның оңтүстік-батысы соңғы жылда едәуір саябырсып, осының нәтижесінде қауіпсіз аймақ туралы келісімшарт жасалды. Бұған оппозицияға қолдау көрсетуші АҚШ пен Иордания және Асад режимінің одақтасы Ресей қатысты. Алайда, 2018 жылдың көктемінде Шам төңірегінде орналасқан Шығыс Гутадағы оппозицияны жеңгенмен, Асад елдің қалған территориясының бәрін тікелей өз бақылауына алуды шешті. Ресейлік авиация тарапынан қолдау табушы үкіметтік күштер мен одақтас елдердің әскерилері үш апта бұрын шабуылдар бастап, оппозиция территориясына тез арада ішкерілей берді. Зымыран соққылары мен зеңбіректер қарулы оппозиция күштерін әлсіретті. Бұл жолы АҚШ оларға әскери түрде қолдау көрсетпеді. Енді, Иордания мен Израиль биліктері мыңдаған босқындарға шекараларын ашқан кезде, БҰҰ гуманитарлық дағдарыс қаупі туралы ескерту жасауда. Ұйым лагерлердегі өмірдің өте нашар екенін, көптеген адамдардың ас-сусыз, ашық аспан астында лажсыз күн көріп жатқандарын жариялап отыр.