Сіздер бұл хатты оқып отырғанда, мен аспанға анама қарай кетіп бара жатамын.

Мен Марина апайыма және достарым Лина, Марта, Макс пен Еруқаға арнап хат жазып кеткім келді. Сосын, ол ойымды ұлғайтып барлықтарыңызға арнап жазғым келді.

Мені елдің бәрі Сани дейді. Осында келгелі атымды Ашен мама Жим деп өзгертті. Жим да жаман емес, бірақ өзіме Сани ұнайды. Өйткені мамам түсімде мені «Сани! менің ақылды Саниым» деп атайды.

Марина апайды осында келгенше мама деп атайтынмын, тек Ашен мама «енді мамаң менмін, Марина мамаң осыдан былай апай болады» деп құлағымнан созып тұрып ескертті. Бірақ, Ашен мама мені шапалақпен тартып жеберген кезде, мен еріксіз «мама» деп марина апайды есіме алып жылаймын.

Мен өз мамамды әлі көрген жоқпын. Тек түсімде көргеніммен, оянғанда өңін ұмытып қаламын. Әрдайым ұйықтар алдында мамамның түрін есімде мықтап сақтап қалайыншы деп құдайдан қанша тілеп жатсам да, бәрібір оянған соң ұмытып қала беремін.

Ал, Линаның мамасы бар, ол келіп тұрады. Бірақ Марина апай оны ішке жібермейді. Өйткені, ол ылғыи арақ ішіп жүреді. Сосын көшедегі қоқыс жәшігіндегі жемістерді алып келеді. Марта мен Макстың мамалары жоқ. Лена апай айына бір рет келеді. Ол келген кезде біздің шағын балар үйінде үлкен той. Лена апай тауық пісіріп әкеледі, және әрқайсымызға бірден жұмыртқа, иә болмаса әр жерін құрт жесе де, тазалап жуылған алма не алмұрт алып келеді. Олардың да мамалары жоқ. Тағы басқа көп балалардың да мамалары жоқ. Тек кейбіреуінің әкелері бар. Олар келіп тұрады. Бірақ  Лина, Марта, Макс пен Еруқа бесеуміз ғана мамамызды сағынамыз. Біздің папамыздың жоқ екенін білеміз. сосын ол туралы ойланып көргеміз жоқ.

Ашен мама мені алып кеткелі келгенде қатты қиналдым. Маған оны Еруқа айтты. «Сені ертең алып кетеді, біреулер асырап алады екен» деді. Мен олар таба алмай қалсын деп, Мартаның төсегінің астына тығылып алғаныммен, бәрібір олар тауып алды. Мені жібермеймін деп таласқан Максты отжағатын Матей ағай итеріп қалғанда, оның басы төсектің сирағына тиіп жарылып қалды. Ол оған қарамай қайта жүгірген, енді Матей ағай оның құлағынан шап беріп ұстап алды да үстелдегі пышақты қолына ұстап маған: «Сани енді тынышталып Ашен мамаңмен бірге кетпесең, Макстың екі құлағын бірдей кесіп аламын» деді. Макстың құлағын кесіп тастамасын деп мен үнсіз еруге мәжбүр болдым.

Мен мұнда келгелі тура он жеті күн болды. Ашен мамам мені он екі рет сабады. Мен бәрін санап жүрмін. Әсілі, он үш рет болатын тек кеше түндегі ұрғанын есепке алмаймын. Өйткені, ол ашуланып жүріп байқамай мамама баратын жолды айтып қойды.

Түнде түсімде тағы мамам кірді. Осы жолы мен оның жүзін анық көрдім. Ол сондай аппақ екен. Тіптен ондай сұлу мама ешкімде жоқ. Ол маған:

– Тұр Сани кетміз,  – тура есіктің түбінде тұрып шақырды. Мен орнымнан атып тұрып, есікке қарай тұра жүгіргенімде анам көрінбей кетті.

«Мама» деп, қатты айқайлап жіберіп едім,  Ашен мама оянып кетіп менің шашымнан сүйреп әкеліп, төсегіме лақтырып жіберді де:

– Осыдан таң атсын мен сені мына 25 қабаттың терезесінен далаға лақтырып жіберем. Сонда кезігетін боласың мамаңмен, – деді.

Бұрын теледидардан биіктен құлағандардың жерге қарай түсетінін көргенмін. Бірақ, мен жерге қарай емес аспанға, мамама қарай ұшып бара жатамын. Барлықтарыңыз сау болыңыздар. Қош. Мен мамама кеттім.

Мистик

«The Qazaq Times»