Дональд Трамптың Құрама Штат қарулы күштерінің алтыншы бөлімін құрып, оның «Ғарыш армиясы» деп атауы әлем елдерінде қызу талқыға тақырып болды. Себебі, бұған дейін фантастикалық фильмдерде болмаса, ешбір елде ғарыш кеңістігіне арналған армия болған емес. Трамп бұл жоба жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, жұмыспен қамтуды, сол арқылы ел экономикасын арттырып, қауіпсіздікті де кемелдендіре түседі деп қарайды. Олай болса, өзге ғаламшарлықтар бізді отарлауға келмесе, Ғарыш армиясы неге керек болды? Ғарышты жаулауға қандай қадамдар жасалуда? Әлем елдерін ғарышта сонша не қызықтырады?

Трамп Ғарыш армиясын құруға бұйрық берді. Фото: VOA.

Трамптың: «Америкалықтар ғарышта болып қана қоймай, ғарышқа үстемдік ету керек», – деген сөзі аталмыш «Америка арманын» уағыздайтын кино фильм кейіпкерлерінің сөзіне көбірек ұқсады. Трамп президенттік қызметіне кіріскеннен кейін, жарты ғасырдан бері қайталанбаған Ай шарына ғарышкерлер аттандыру, Марсқа ғарыш кемесі мен ғарышкерлер ұшыру секілді жобаларға қол қойған болатын.

Құрама Штат президенті бұл туралы сөздерінде, ғарышты бақылауға алуда «Қытай емес, Ресей емес АҚШ бірінші болуы керек» деген ұстанымын қайта-қайта дәріптеуде. Дегенмен, қазірге Ғарыш қарулы күштері сірә қандай болады, кино фильмдердегідей планеталарды аралап жүретін ғарыш кемесімен жасақтала ма, әлде адамзат ғылымының жетісінше жарақтаған кәдімгі ұшақтарды пайдалана ма, ол жағы анық емес.

Трамп Ғарыш армиясы АҚШ Әуе күштері негізінде құрылатынын айтты. Бұл шешімді Конгресс қарап мақұлдағаннан кейін жүзеге асырмақ. Сондай-ақ, президент Трамп Ғарыш туризмі бағытында жұмыс істейтін компанияларға қолдау көрсететінін де айтып өтті. «Үкіметтен бұрын Марсқа жетсеңіздер, қазіргіден де танымал болсаңыздар, біз қуанамыз», – деді Трамп.

Биыл, әлемге әйгілі Илон Масктың жеке SpaceX компаниясы Falcon Heavy деп аталатын әлемдегі ең қуатты ракетаны сынақ ретінде ұшырды. Екі қосалқы зымыран және бір орталық зымыраннан құралған Falcon 9 сынағы сәтті аяқталды. 70 метр биіктіктегі зымыран 57 тонна зат тасымалдай алады.  Орталық бөлегі қайтып оралмағанымен, жасалу құны жоғары екі қосалқы зымыранда қайтып әкеле алды. Қазірге дейін Falcon 9 Жер бетінің ғарышқа бағытталған жарысындағы көшбасшы болып тұр. Болжамдарға сенсек жеке компаниялар Халықаралық ғарыш станциясына ғарышкерлерді жеткізу қызметін 2019 жылдан бастап жүзеге асыруы мүмкін.

Илон Маск ұшырған тасымалдағыш зымыран. Фото: SPACEX/BBC.

2011 жылы NASA АҚШ территориясынан ғарышқа зымыран ұшыруын тоқтатқаннан кейін, АҚШ-тың ғарышқа аттандыратын кез-келген әлем кемелері Ресейдің «Союз» ракеталарын пайдалануға мәжбүр болған. Әрине бұған америкалықтар тарабынан қарсылықтар күшейді. 2018 жылы SpaceX пен Boeing компанияларының сәтті сынағы ғарыш тасымалын өз міндеттеріне алмақ. Әрине, бұл үшін АҚШ-тың Ғарыш зерттеу агенттігінің арнайы рұқсатынан кейін.

Boeing компаниясы да Халықаралық ғарыш станциясына тасымалдау құқығына ие болуы мүмкін. Фото: Boeing/BBC.

Бұл жеке компаниялардың жаңа жүйесінен тыс, NASA да өзінің жаңа зымыран жүйесін іске қоспақ. Жердің төменгі орбитасына туристерді жеткізу үшін алдағы жылы «Орион» деп аталатын зымыран сынақтан өткізіледі. Сынақ сәтті болса, 2021 жылы тұңғыш рет Жер саяхатшыларын Халықаралық ғарыш станциясына апарып, саяхат жасатпақ.

Келесі айда Жапонияның мына бір әлем жиһангезі Рюгу деп аталатын қыдырма жұлдызға жетеді. Фото: AKIHIRO IKESHITA / JAXA.

АҚШ-тың үкіметтік және жеке ғарыш зерттеу компанияларынан тыс, Жапония, Ресей, Қытай, Үндістан елдері де ғарышқа жасайтын қадамдарын жеделдете түсті. Себебі, қайта туындамайтын ресурстарға деген тәуелділік, болашақтағы айтып жеткізгісіз үлкен дағдарысты елестетіп отыр. Оның үстіне Күн жүйесіндегі Қызылжұлдыз (Марс) пен Есекқырған (Юпитер) арасындағы кеңістікті кезіп жүрген бағалы металл державалардың аранын ашуда. NASA деректеріне қарағанда,  бізге көршілес осы екі планета арасында "иесіз, қараусыз қаңғып жүрген" аспан денелері ұшан теңіз байлық қоймасы. Онда тіпті диаметрі шақырымға да жетпейтін кейбір "қаңғыбастарда", Жер бетінің тұтас байлығынан миллиард есе байлықтар жатыр. Бұндай байлықты санау үшін 25 орынды сан керек екен.

Өкініштісі, Ғалам шарымыздағы елдер ара қайшылық, бәсеке мен дамуға деген талпыныс Жер қыртысын ауыр дәрежеде ойрандау үстінде. Миллиардтаған қаражат Жер планетасын қалпына келтіруден көрі, ғарышты игеруге, Айды аялдама етіп, Марысты отарлауға жұмсалуда.

Державалардың ғарышқа деген бәсекесі, Тынық мұхиты, Орта, Таяу-Шығыс,  Шығыс Азияға ықпал орнына таласқаны секілді, болашақта ғарыштағы иелік құқық таласының болатынын көрсетеді. Бұған ерте бастан дайындалған Құрама Штат Ғарыш армиясын құрып, Күн жүйесі, одан да арғы жатқан байлққа әлден-ақ қарауыл қоймақ.

“The Qazaq Times”