Кеше (14 маусым), АҚШ президенті Дональд Трамп 50 млрд АҚШ долларына жуық Қытай өніміне кеден салығын белгілеу жоспарын мақұлдады. Бұл кедендік салық Қытай тарабының америкалық компанияларға технологияларды өткеріп беру және басқа да зияткерлік меншік құқығын ұрлау сынды әрекеттеріне қарсы жазалау әрекеті болып табылады. Ал, бүгін АҚШ сауда өкілдері кедендік салық жазасына ұшырайтын қытайлық тауарлардың тізімін бүгін (15 маусым) жария етті.
АҚШ-тың танымал басылымы The Wall Street Journal кеше кеште, бұл шешім Бейжің тарабының ашуына тиетінін жазды. Соңғы екі айдың ішінде, АҚШ пен Қытайдың сауда өкілдері екіжақты сауда теңсіздіктерін қысқарту және зияткерлік меншік құқық мәселесін шешу үшін үш раунд келіссөз өткізген еді. Тараптардың сауда өкілдері екі елдің арасындағы сауда дауын тежеуге құлшыныс жасап көрген. Олар әлемнің ең ірі екі экономикасы арасындағы сауда дауы бүкіл жаһандық саудаға кері әсер етеді деп қарады.
АҚШ президенті Трамп Солтүстік Корея басшысымен тарихи кездесуінен қайтқаннан кейін, Fox News арнасы арқылы, алдағы уақытта Қытайға қуатты соққылар жасайтынын мәлімдеген. Екі күн бұрын Ақ үй лауазымдылары мен кеңесшілері Трамптың Қытайға бағытталған кедендік салық саясатын мақұлдауы мүмкін екенін айтқан.
Наурыздан бері қарай, АҚШ-Қытай арасындағы сауда және саяси қайшылықтар біртіндеп өсіп шықты. Анығында бұл ұзақ мерзім іштей сыздаған жараның беті ашылғанымен бірдей еді. Бұның жалпылық сипатынан алғанда державалар арасындағы бақталастық деуге де болады. Бірақ, Трамп билікке келуден бұрын да Қытайды «аямайтынын» айтып келген.
Бүгінгі дереккөздердің мәліметіне қарағанда, АҚШ Сауда министрлігінің кедендік салық салынатын тауарларының тізімі, сәуірдегі тізіммен бірдей болғанын айтады. Айталық, Қытайдың 1300 өніміне кедендік салықты өсіреді. Әрине, бұған Қытай тарабының қарсы шаралар қолданатынын осыдан бұрын да айтқан. Айталық, соя өнімдері мен ұшақ немесе ұшақ жабдықтарын қамтыған бірдей құнға ие қарсы тариф енгізгелі тұр. Бұл екі держава арасындағы сауда соғысының басталуын білдіреді.
Әрине, Трамптың Қытайдың сауда саясатына деген айыптауы, көптеген елдерде қолдау тапты. Айталық, Қытайды әділетсіз сауда саясатын жүргізді, зияткерлік меншік құқықтарын бұзды, технологиялар ұрлады және отандық өндірушілер мен компанияларға басымдық берді деп айыптайды. Бұл айыптаулардың бәрі де шындыққа саяды. Дегенмен, Трамп кеден салығын Қытайды жазалау құралы етуге қарсы болғандар көп болған. Себебі, Қытайдың қарсы шарасынан АҚШ-тың да ауылшаруашылық салалары өзіндік зиянға ұшырауы мүмкін. Трамп бұған: «Сауда соғысы сондай қорқынышты нәрсе емес, соңғы жеңімпаз – Америка!», – деген уәжін айтқан еді.