Күтпеген жерден қол ұсынып, қатты қысып амандасу әрі қолды сілке тарту Трамптың жұртқа мәлім әдеті. Бірнеше елдің мемлекет басшыларымен кездескенде Трамптың осы әрекеттеріне түрлі пікірлер айтылды. Алайда, президенті Трамп бұл әдетін тастаған емес. Бұған дейін қырғи-қабақ екі елдің лидерлері – АҚШ президенті Трамп пен КХДР төрағасы Ким Жоң Унның Сингапурдағы қол алысуы әлем жұртшылығы үшін «айта жүрер әңгіменің» біріне айналды.
Не үшін дүние жұртшылығы бұл қол алысуға баса мән берді? Үйткені, мемлекет басшыларының қол алысуы тарихта көптеген бұрылыстардың символы ретінде қалды. Солардың бірқатарын BBC-дің онлайн қызметі қатарға тізді.
Чемберлен мен Гитлер
1938 жылы 22 қыркүйек күні Бонн қаласының маңындағы Годесберг мейманханасында Германияның сол кездегі диктаторы Адольф Гитлер мен Британияның бас уәзірі (премьер-министрі) Невилл Чемберлен қол алысты. Сол жолы екі лидер немістер Чехословакияның Судет аймағы мәселесі бойынша кеңес өткізді. Гитлердің қолын алған Чемберлен, Англияға тыныштық орнаттым деп қайтады. Бірақ, Гитлер алақанының сенімі бір-ақ жылға шыдайды. Келесі жылы Дүниежүзілік екінші соғыс бұрқ ете түседі.
Сталин, Черчилль және Трумэн
1945 жылы 23 шілде күні, АҚШ президенті Гарри Трумэн, Британияның бас уәзірі Уинстон Черчилль және Кеңес одағының басшысы Иосиф Сталин Потстам конференциясында «үшжақты қол алысады». Бұл үшеуі Дүниежүзілік екінші соғыс аяқталғаннан кейін Еуропаның, әсіресе Германияның тағдырын шешу үшін бас қосқан еді. Сол кездегі Францияның президенті Шарль де Голлду бұл конференцияға шақырылмай қалды.
Жонсон мен Лютер Киң (Литер Кинг)
1964 жылы 2 шілдеде АҚШ президенті Линдон Б. Жонсон «Азаматтық құқықтар туралы жаңа заң жобасына» қол қойды. Бұл жаңа заң жобасы бойынша қоғамдық орындарда, жұмыста азаматтардың түр-түсіне, жынысына, ұлты мен дініне қарай шектеу қоюға тыйым салды. Бұл Құрама Штаттағы қара нәсілді азаматтарға үлкен теңдік алып берген заң жобасы болып тарихта қалды. Аталмыш заңға қол қоя салысымен президент Жонсон қара нәсілді доктор Мартин Лютер Киңның қолын қалған еді.
Мау мен Никсон
1972 жылы 21 ақпан Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясының төрағасы Мау Зыдұң (Мао Цзедун) Қытайға сапарлай келген АҚШ президенті Ричард Кинсонмен қол алысты. Бұл қол алысу АҚШ пен Қытайдың қайшылығын 23 жылдан кейін қайта қалпына келтіруге жол ашты. Екі ел сенімсіздік пен жауласу саясатын тоқтатып, дипломатиялық қарым-қатынасты дамытуға келісті.
Гарбачев пен Рейган
1985 жылы қарашада Женевада АҚШ пен Кеңес одағының басшылары қол алысты. Бұл «Қырғиқабақ соғысына» нүкте қойған қол алысу болды.
Тэтчер мен Мандэла
1994 жылы 4 шілде күні Ұлыбританияның бас уәзірі Маргарет Тэтчер мен Африка Ұлттық Конгресс президенті Нельсон Мандэла Лондонда қол алысты. Бұған дейін Ұлыбритания тарабы Африка Ұлттық Конгресін «террорлық ұйым» деп есептеп келген. Осыдан 4 жыл өткеннен кейін Мандэла Оңтүстік Африканың президенті болды.
Рабин мен Арафат
1993 жылы 13 қыркүйек күні, Уашингтонда Палестинаның лидері Ясир Арафат пен Израиль премьер-министрі Исхак Рабин қол алысты. Көп жылға созылған Израиль мен Палестина арасында «Прициптер туралы декларацияға» қол қойылды. Бұл келісімнің мақсаты Таяу Шығыс қайшылығын бейбіт жолмен шешу болған. Бұл келісімге АҚШ президенті Билл Клинтон да куә болған
Ұлыбритания патшайымы мен Макгиннесс
2012 жылы 27 маусым күні Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ мен Солтүстік Ирландияның Британияға қарсы топтың лидері Мартин Макгиннесстың қолын алды. Макгиннесс сол кезде Ирландияның Ұлыбританиядан бөлінуін қолдаған. Бұл Ирландия мен Ұлыбритания арасындағы жаңа мәмілеге жол салды деп бағаланған.
Обама мен Кастро
2016 жылдың 21 наурызында АҚШ президенті Барак Обама мен Куба президенті Рауль Кастро жолықты. Бұл АҚШ президенттерінің Кубаға 100 жылдан бергі алғашқы сапары болған. Обама сапарынан кейін екі ел қарым-қатынасы бұрынғыдан көрі жақсарды. Кубаға бағытталған кейбір санкциялар алынып тасталды.