Грекия мен Македония елдері арасындағы дипломатиялық дау шешімін тапты: екі ел Бұрынғы Югославияның республикасын "Солтүстік Македония" деп атауға келісті. Бұл туралы франциялық lemonde.fr басылымы хабарлайды.
Бұрынғы Югославия мемлекеті ыдырағаннан кейін Македонияның атауына қатысты өршіген дау 27 жыл бойы екі ел арасындағы қарым-қатынасты қиындатқанымен қоймай, Македонияның НАТО мен Еуродаққа кіруіне де кедергі болған еді. Гректер жағы елдің солтүстігінде орналасқан әрі Македониямен шекаралас грекиялық тарихи аймақтың да "Македония" деп аталатынын алға тартып, қарсы шыққан еді. Әлемнің 142 елі Балқандағы осы елді "Македония республикасы" деп атап, бұл гректердің бір емес, бірнеше мәрте қарсылық науқандар ұйымдастыруларына себеп болды. Ақыры, халықаралық деңгейге жеткен осы мәселе реттелгенше Македонияны «Бұрынғы Югославияның Македония республикасы» деп атауға шешім шығарылған еді. Афина, жаңа республиканы Грекияның мәдени мұрасына қол сұқты деп айыптап, 2008 жылы Македонияның НАТО мен Еуродаққа кіруіне қарсы шықты.
Македонияның сонша уақыт қасарысуының сыры неде?
Бұрынғы Югославияның Македония республикасы Югославия тарағаннан кейін өздерінің жаңа тарихын жазуды мақсат етті. Осы мәселені реттеу үшін 2010 жылы Македонияның сол кездегі премьер-министрі Никол Груевскийдің көмегімен «Скопье – 2014» жобасы іске қосылды. Бұл жоба македониялықтардың ұлттық негіздерін іздеуге бағытталды. Осындай жобаларының аясында қазіргі македониялықтар славьяндар емес, ескі дәуірдегі македондардың тікелей ұрпағы деген тұжырымдама жасалды. Сөйтіп, «Македония үшін күрес мұражайы». «Македония операсы», «Македония» салтанат қақпасы», Ұлттық театр секілді түрлі мәдени орындар салына бастады. Бір тұстан, әлсін-әлсін бас көтерген "Атау мәселесі" екі елдің ара-қатынасын шиеленісті жағдайға жеткізді.
Македонияның райынан қайтуына не себеп болды?
Осы уақытқа дейін елдерінің «Македония» деп аталуы үшін қасарысып келген македониялықтардың ел атауына қатысты шешімге бір демде «көне салуына» не түрткі болды? Бәрі де 2017 жылы билік басына жаңа премьер-министр Зоран Заевтың келуімен өзгерді. Ол осы қызметіне тағайындалмас бұрын, елдің НАТО мен Еуродаққа кіруі үлкен мәртебе екенін айтып, Македония Республикасының атауын өзгертуге дайын екенін және бұл туралы Грекиямен келісімге келуге болатынын мәлімдеген еді.
Қандай атау таңдалды?
Тараптардың көп айлық келіссөздерінен кейін тізімге «Жаңа Македония», «Солтүстік Македония» және «Жоғары Македония» деген үш атау енгізілген еді. Енді, екіжақты ұзақ келіссөздерден кейін ресми түрде «Бұрынғы Югославияның Македония республикасы» деп, ал жалпыламай түрде "Македония" деп аталған ел ендігі жерде "Солтүстік Македония" деп өзгертілді.