Израиль премьер министрі Беньямин Нетаньяху сейсенбі күні Францияға сапарлай барған кезінде, Францияны 2015 жылы қол қойған Иран ядролық келісімінен бас тартуға шақырмайтынын, үйткені бұл келісімнің экономикалық қысымдар арқылы өздігінен бұзылатынын айтып өтті.
Еврей басшысының бұл реткі Еуропа сапары, сол құрлықтағы бірнеше елдің басшысымен кездесіп, Иранның ядролық келісіміне түзетулер енгізіп, Теһран үкіметіне тиімділік бермеуге көндіру үшін жасалған. Ол Германияны алғашқы аялдама етіп, содан ары Франция мен Ұлыбританияға сапарлай барды.
Алайда, Израиль премьері бұл сапарында еуропалық лидерлерді айтқанына көндіре алмағандай. Айталық, Францияның жас лидері Эммануэль Макрон Нетаньяхумен бірге өткізген баспасөз конференциясында: «Мен премьер министр мырзаға толықтай сенім білдіремін, алайда, біздің еуропалық серіктеріміз де ұқсас көзқараста, ол болса – Иран ядролық келісімі сақталуы керек. Иранның ядролық мәселесі бақылауға алынады», – деді.
Ал, Иранның ең жоғары көсемі өз мәлімдемесінде, Иран ядролық келісімі бұзылғаннан кейін, уран байытуға дайындалуға бұйрық түсіргенін айтты. Бір күннен кейін Иранның Ядролық бағдарламасының жетекшісі мәлімдеме жасап, Иранның уран байыту әлеуетін арттыру жөніндегі жобасы іске қосылғанын хабарлаған.
Өткен айда АҚШ президенті Ұлыбритания, Франция, Германия қатарлы үш еуропалық елді қамтыған Иран ядролық келісімінен шыққанын мәлімдеді. Ал, сейсенбі күні АҚШ Қаржы министрінің өкілі, Иранмен сауда қарым-қатынасын жалғастырса АҚШ одақтастары мен серіктерінің де экономикалық қысымға ұшырайтынын ескертті.
Қазір бірнеше ірі еуропалық елдер Иранмен сауда қатынасын сақтап қалудың жолдарын іздестіруде. Ал Теһран (Тегеран) билігі АҚШ-тың келісімнен бас тартқанына қарамастан, өзге елдермен келісімді жалғастыратынын білдірді. Әрі, АҚШ-тың қысымына қарсы ядролық бағдарламаны жүзеге асырамыз деп те қорқытты. Дегенмен бірқатар сарапшылардың пікіріне жүгінер болсақ, еуропалық компаниялар америкалық санкциядан қашу үшін, Құрама Штаттағы кең базардан айырылып қалғысы келмейді. Сондықтан, олар Иранмен сауда байланысын экономикалық қысым астында жоюы мүмкін.