Иранның сыртқы істер министрі Жеват Зариф Қытай орталық қаласына сапарлай барып, сол елдің СІМ басшысы Уаң И-мен кездесті. Екі ел министрлерінің кездесуінде Иран ядролық мәселесі басты тақырып болды. Бұл туралы ирандық IRNA және Қытайдың «Шинхуа» ақпараттық агенттіктері хабарлады.
«Шинхуаның» бұл туралы хабарында, Қытай сыртқы істер министрі Уаң И Иран ядролық мәселесіне байланысты барлық тараптармен ортақ келісім ұстанымында болатынын, әрі тараптардың ортақ келісімге келуіне барынша күш салатынын жеткізген. Ол сөзінде: «Иран ядролық келісімі атом қаруының таралуы мен өңірдің тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етуде өте маңызды. Сондықтан, тараптарды кең көлемді келісімге келуге шақырамыз», – деді.
Иран СІМ басшысы Зариф Қытай тарабының «Иран ядролық келісімінде табандылық көрсеткеніне ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, Иран тарабының да келісімге тұрақтылық танытқан барлық тараптармен жақын қарым-қатынасты сақтайтынын жеткізді.
Тәуелсіз сарапшылардың пікіріне қарағанда, Қытай режимі халықаралық өзекті әрі даулы мәселелерде тарап таңдап көрген емес. Барлық тараптарды келісімге шақырған сыңай танытып келеді. Иран мәселесінде де барлық тараппен (Иран, АҚШ және келісімге қол қойған өзге елдер) ортақ қарым-қатынас ұстанатынын жеткізіп отыр.