Қырғызстанда билік басына Сооронбай Жээнбеков келгелі бері жемқорлықпен күрес бұрын соңды болмаған қарқынмен жүруде. Қатардағы қарапайым шенеуніктен бастап, премьер-министрге дейін тергеуге алынып, үстілерінен қылмыстық іс қозғалуда. Осыған байланысты бүгін біз ресми Бішкек маңында болып жатқан «билікке талас немесе жемқорлықпен күрес» атты саяси эпопеяға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

Сооронбай Жээнбеков билік басына 2017 жылдың қазан айында келді. Сайлау кезінде оның кандидатурасын сол кездегі президент Алмазбек Атамбаевтың өзі қолдады. Көпшілік Жээнбековқа «Атамбаевтың мұрагері, соның бастаған ісін жалғастырушы» - деп баға берді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Ол президент болып сайланған сәттен бастап маңайын Атамбаевтың адамдарынан тазарта бастады.

Алғашқылардың бірі болып Жээнбековтың қарауылына Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар қызметінің басшысы ілікті. Көп ұзамай ол қызметін өз деңгейінде атқармағаны үшін орнынан кетті. Бұған қоса Жээнбеков ішкі істер министрлігі, сот, прокуратура, салық және кеден қызметін жемқорлыққа белшесінен батқан органдар деп атап, күштік құрылымдардағы Атамбаев адамдарын бірінен соң бірін жұмыстан қуды. Бір сөзбен айтқанда Жээнбеков ең бірінші болып кез келген мемлекеттің күре тамыры болып саналатын күштік құрылымдарға өз адамдарын қойды.

Күштік құрылымдарға Жээнбеков командасы келген сәттен бастап осы уақытқа дейін ел басқаруда Алмазбек Атамбаевқа көмектесіп келген президент әкімшілігінен бастап, министрлер кабинетіне дейінгі аралықтағы ведомствалардың барлығынан жемқорлар мен парақорлар лек-легімен тергеуге алына бастады. Олардың алды шетел асып, арты түрмеге тоғытылды. Алғашқылардың бірі болып президент әкімшілігі басшысының орындасары Икрамжан Ильмиянов шетел асты. Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда Ильмиянов Түркияда жүр. Ал оның отбасы АҚШ-ты паналауда. Ильмияновпен қатар вице-премьер Асқарбаек Шодиев та шетел асқан. Қазіргі таңда оған «қызметін асыра пайдаланды» деген айып тағылып, барлық дүние-мүлкі тәркіленген.

Бұдан бөлек жемқорлықпен күрес нәтижесінде премьер-министр Сапар Исаков пен Бішкек қаласының мэры Қуанычбек Құлматовтар да қызметінен кетті. Олар қызметінен тыныш қана кетіп қойған жоқ. Екеуінің де үстінен қылмыстық іс қозғалды. Құлматовқа «мектеп құрылысына бөлінген 2 миллион долларды алаяқтық жолман жымқырды» деген айып тағылып, үстінен қылмыстық іс қозғалса, Исаковқа «Бішкек жылыту қазандығын модернизациядан өткізуде шетелдік компанияға тендерді жеңіп алуға көмектескен» деген айып тағылды.

Қырғызстандық сарапшылардың сөзінше, Атамбаев пен Жээнбеков арасындағы текетірес аяқталуға жақын және бұл текетірес экс-президенттің жеңілісімен аяқталады. Себебі жақында Жоғары кеңес депутаттары Ысқақ Масалиев пен Құрманқұл Зұлұшев «экс-президенттерді жауапқа таруға» қатысты заң жобасын әзірлеуде. Егер де аталмыш заң жобасы қабылданатын болса, онда көп ұзамай Алмазбек Атамбаевты да жемқорлыққа қатысы бар күдіктілердің қатарынан көруіміз ғажап емес.

“The Qazaq Times”