Соңғы уақыттары БАҚ беттерінде «Өзбекстан Ресеймен бірлесіп атом электр станциясын салуы мүмкін» - деген ақпараттар тарауда. Осыған байланысты бүгін біз оңтүстіктегі көршіміздің энергетика саласына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша, қазіргі таңда Өзбекстан халқы 100 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Елдегі электр қуатының 86 пайызы жылу электр станцияларынан, ал 14 пайызы су электр станцияларынан алынады. Жылу электр станциларының 94 пайызы газ, 5 пайызы көмір пайдаланады. Өзбекстан табиғи газ қоры бойынша әлемде сегізінші орында болғанымен өндірілген газдың 80 пайызы осы жылу электр станцияларына жұмсалады. Ал қалған 20 пайызы өзге елдерге экспортталады. Бірақ бұл ел экономикасына айтарлықтай пайда алып келмейді. Себебі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігі, ішкі нарықтағы газ бен электр энергия бағасын қымбаттатуға мүмкіндік бермейді. Бір сөзбен айтқанда ресми Ташкент атом электр станциясын салу арқылы газ экспортын арттырып, пайда таппақ.
Бұдан бөлек Өзбекстан атом электр станциясын салу арқылы болашақта болуы мүмкін электр энергиясы тапшылығынан құтылмақ. Бұлай дейтін себебіміз қазіргі таңда Өзбекстан электр станциялары сағатына 60,7 млрд кВт энергия өндіреді. Бұл дәл қазіргі жағдайда 30 миллионнан астам халқы бар ел үшін жеткілікті көрсеткіш. Бірақ шетелдік сарапшылардың пікірінше, 2020 жылға қарай Өзбекстан халқы сағатына 71,8 млрд кВт электр энергиясын пайдаланатын болады. Бұл дегеніміз Өзбекстан 2020 жылға қарай электр энергиясынан таршылық көреді деген сөз. Ал Өзбекстанның қазірдің өзінде «бір де тату, бір де араз» қырғыз ағайындарынан электр энергиясын импорттайтынын ескерсек, онда жақын болашақта ресми Ташкенттің энергетика қауіпсіздігі бүгінгідей жаймашуақ жағдайда болмайтыны анық.
Жалпы, қазіргі уақытта Өзбекстан ураны әлемдегі уран қорының 4 пайызын құрайды. Ел аумағында 20-дан астам кен орны бар. 2017 жылдың 29 желтоқсанында Өзбекстан билігі аталмыш кен орындарын игеруге байланысты Ресейдің «Росатом» компаниясымен келісімге келген. Өзбекстан БАҚ өкілдеріне сенсек, ресейліктерден бөлек Өзбекстан уранын игеруге Қытай мен Жапония компанияларыда ниет білдірген. Осы тұста уран өндірісі мен атом электр станциясын салуда Қазақстанның да «қара жаяу» емес екендігін айта кеткен жөн. Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан да Ресеймен атом электр станциясын салуға байланысты келіссөздер жүргізген. БАҚ беттерінде «атом электр станциялары Балқаш пен Курчатов қалаларында салынады» деген ақпаратта шыққан. Бірақ кейіннен бұл ақпаратты «Қазатомпром» компаниясының 25 пайыз акциясын Қытай сатып алмақ» деген ақпарат басып кеткен.