Қазір қазақ қоғамында Қытай тақырыбы ең өзекті тақырыптарға, қайшылықты тақырыптарға айналды. Қытай ықпалы мен оның сыртқы саясатын, өңірлерге болған қатынасын анық бағамдау үшін бізден алыс Тынық мұхит жағалауындағы саяси өзгерістерді де назардан тыс қалдырмау ләзім. Қытай шығысында қандай геосаяси өзгерістер болып жатқаны қазақ қоғамы үшін де аса маңызды.  Олай болса АҚШ-Қытай "Жаңа қалыбы" деген не? Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі сірә қандай мәселе? Дау-дамай қалай өрістеді? Оңтүстік Қытай теңізінде АҚШ пен Қытай қандай қадамдар жасады? Кім кімнің жағында? Осы сұрақтар төңірегінде жауап іздеп көрейік. 

Кеше АҚШ-тың екі әскери кемесі Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аймақтарда операция жүргізіп, бұл әрекет Бейжің билігінің күшті наразылығын қозғады. Көптеген сарапшылар, АҚШ пен Қытай Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде «жаңа қалыпқа» келді деп қарайды. Дегенмен,  екі елдің Оңтүстік Қытай теңізі мәселесіндегі қайшылығы шын мәнісінде мұхиттағы ырықты әрі ықпалды орынға деген таласынан туындайды дейтін көзқарас та бар.

АҚШ тарабының аталған аралдардың маңына әскери кемелерін жақындатуының себебі, мамыр айының бас шенінде Қытай тарабы Х-6К стратегиялық бомбалаушы ұшағымен осы аралға қондыру және ұшыру операцияларын жасатқан.  Қытай Қорғаныс министрлігі, Қытай қарулы күштері егемендік және қауіпсіздікті сақтау үшін, аталған теңіз алабында және әуедегі жауынгерлік дайындығын күшейтуге кіріскенін мәлімдеді. Бұл екі ел арасындағы қайшылықты әскери істерге қарай көбірек жақындатты.

АҚШ пен Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізінің мәртебесін және статусына деген көзқарастары алшақтай түсті.  Айталық, АҚШ бұл теңіздің халықаралық ортақ су жолы мәртебесін қорғауды жалғастырмақ. Сол үшін де Қытайдың бұл аймақтағы әскери әрекеттері халықаралық құқықтарға қайшы деп қарайды. Қытайдың милитаризациясы қауіп төндірген аймақтың навигация еркіндігін қорғауға тырысады. Ал Қытай тарабы болса АҚШ-тың мұндай қысымы Қытай ішіндегі ұлтшылдықты қасақана күшейту деп қарайды.

АҚШ бұл даулы аралдардан Қытай әскерін шығаруға күш салмағанымен, олардың әрекеттерін шектеуге тырысуда. Қытайдың бұл теңіздің иелік құқығы туралы ұстанымдары мен жасап жатқан қадамдарын тынбай сынап-мінеп келеді. Бұл әрекеттеріне өзге елдерді де тартып, аймақта Құрама Штаттың әділдікті қорғаушы имиджін көбірек дәріптейді. Бұлардан сырт Уашнигтон билігі, аймақтағы одақтастарымен, жақтастарымен әскери ынтымақтастықты тереңдетіп, оларды жаттықтыру және қару-қарақпен қамтамасыз етуді басты бағыт еткен. Оның үлкен дәлелі ретінде Вьетнам мен Аустралия елдерін алуға болады.

АҚШ-Қытай арасындағы «жаңа қалып» тұрғысынан қарағанда, Қытай тарабы да АҚШ-тың әрекеттеріне деген қарсылығын жалғастыра бермек. Себебі, екі елдің ұқсас мәселеге деген түсінігі бірдей емес. Қытай билігі бұл теңіздің территориялық құқығы тарихтан бері Қытайдікі деп қарайды. Халықаралық су жолы статусын мойындамайды. Шетелдердің пайдалануы тек Бейжің билігінің рұқсатымен болуы керек деп есептейді. Сондықтан да, АҚШ пен оның одақтастарының қарсылығына қарамастан аралдарда өздері «қорғаныс құрылғылары» атаған әскери құрылыстарды кемелдендіре түседі. Әрі бұл әрекеттерін АҚШ-тың аймақтағы әрекетінен сақтану деп түсіндірмек.

Бейжің билігі осымен бірге Оңтүстік Қытай теңізі аумағы толықтай Қытайдың территориясы болып саналады деп үздіксіз мәлімдеп келеді. Ал сыртқы саясатта Тынық мұхиты елдерінің осы ұстанымды қолдауын талап етеді. Ал, даулы мәселелерді АҚШ-тың араласуынсыз екіжақты келіссөзбен шешуге шақырады.

Сарапшылардың пікіріне қарағанда, Қытай тарабы бұл теңіздегі қатынас қағидалары туралы келіссөзді кейінге қалдыруды жалғастыра береді, әрі бұл мәселенің Қытай беделіне саятын дақпырт пен дау-дамайға ұласпауын қадағалауы мүмкін. Дегенмен, Қытай жалғасты ірге кеңейтіп, осы аумақтағы өзге аралдарды иемдену әрекеттеріне бармауы мүмкін. Сонымен бірге көршілер елдерге де әскери қауіп төндіруі де екіталай.

Қытай мен АҚШ арасындағы бұл қайшылыққа баға берген әлемдік басылымдарға шолу жасағанымызда, Америка Құрама Штаттарының Қытайға стратегиялық бәсекелес көзқарасы тұрғысынан алғанда, Трамп басқармасы Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі бойынша Қытайға қатысты қатаң ұстанымға ие болады. Өткен аптада, Пентагон Қытайдың «Тынық мұхит шеңбері–2018» әскери жаттығуына қатысудан бас тартты және бұл шешімі Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекеттеріне қарсы алғашқы жауабы екенін ескерткен.

Бір сөзбен айтқанда, Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі қазіргі кезде АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дауын бүркемелеп кетті. Сауда қайшылығында тұрған екі елдің теке-тіресі енді әскери салаға қарай дамыды. Бұл жердегі алпауыт екі елдің шахмат ойыны күрделі бола түсті. Құрама Штат бұл мәселеде өзіне Аустралия (Австралия), Жапония, Үндістан секілді ықпалды жақтастар тапты. Келесі аптада Сингапурда өтетін Shangri-La Asia қауіпсіздік диалогы конференциясында да Қытайдың милитаризациясына қарсы тұрған әртүрлі күштер АҚШ басшылығымен Пекинге қарсы үлкен күшке айналуы мүмкін.

“The Qazaq Times”