Польша тарабы Ресейдің өңірдегі әскери қатерінен сақтану мақсатында, АҚШ-тан мыңдаған америкалық әскерлерді қамтитын әскери база құруды сұрауда. Польшаның қорғаныс министрі Брежак кеше жасаған мәлімдемесінде, АҚШ-тың Польшада тұрақты әскери базасы мен әскерлерін енгізу туралы Құрама Штат лауазымдыларымен келіссөз жүргізгенін айтты. Бұл туралы VOA News хабарлап отыр.
2014 жылы Ресей Қырымды Украинадан бөліп алғаннан кейін, Польша тарабы өзінің қауіпсіздігінен алаңдай бастады. Брежак кеше Польшадағы мемлекеттік радиоға берген сұхбатында: «Бұл гарнизон өте маңызды, өйткені ол қарсыласымызға тосқауыл қояды», – деді.
Польшадағы жаңалықтар сайтының бірінде, Варшава билігі АҚШ-тың әскери базаны құру ісіне 2 млрд АҚШ доллары көлемінде көмек көрсететінін де хабарлаған. Сол елдің Қорғаныс министрлігі бұл туралы АҚШ Конгресі мен партия жетекшілеріне егжей-тегжейлі түсіндірген.
Поляк Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Associated Press агенттігіне берген жауабында аталған құжатты растады, бірақ мәліметтерді беруден бас тартқан.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песков бұл туралы: «Батыс елдерінің Ресей шекарасына жақын әскери объектілерді қосу Еуропа континентінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттырмайды», – деген пікірін білдірді.
ТАСС агенттігі Песковтың сөзіне сілтеме бере отырып: «Керісінше бұл әскери кеңейту әрекеттері міндетті түрде Ресейдің қарсы әрекеттерін тудырады. Әскери тепе-теңдік бұзылған сайын жаңа теңгерімге ұмтылу пайда болады да, бұл тұрақсыздыққа соғады», – деді.