Жұма күні Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея лидерлері екінші рет кездесу өткізген болатын. Оңтүстік Кореяның ақпарат құралдарының хабарына қарағанда, екі ел басшысы жұма күні түстен кейін (15 сағат 17 минут шамасында басталған) шекарадағы Панмынжом бекетінің Солтүстік Корея жағында болған.
Оңтүстік Корея президентінің баспасөз қызметі және келіссөзге жауапты лауазымдылардың жасаған мәлімдемесінде, Мүн Жайн мен Ким Жоң Ун «Панмынжом декларациясының» нақты орындалу және Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы дипломатияны ілгерілету туралы пікір алмасқан.
Жексенбі күні Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн (Moon Jae-in) кездесудің нәтижесі туралы баяндамасын жасады. Ол баяндамасында АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы келіссөздің қалпына келтірілуі мүмкін екенін айтты. Мүн Жайн сөзінде: «Менің басты айтқым келетіні, кез келген түсінбестікті жою үшін, екі тарап (АҚШ-Солтүстік Корея) тікелей байланысқа шығуы керек. Айталық, жұмыс тобының деңгейінде келіссөздер жүргізу және күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша алдын ала талқылау қажет», – деді.
Екі Корея басшыларының кездесуіне тұспа-тұс уақытта, The New York Times басылымы АҚШ президентінің мәлімдемесін таратты. Президент Трамп өзінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жон Болтон мен мемлекеттік хатшы Помпео арасындағы пікір қайшылығын қамтыған бірқатар мәселеге түсінік жасады. Ол сөзінде: «Ақ үй әкімшілігінде Солтүстік Кореяға бағытталған шараларда пікір қайшылығы жоқ»,– деді.
Сонымен бірге, Ақ үйдің баспасөз мәлімдемешісі журналистерге берген жауабында, АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының келіссөзі әлі де ықтимал күйде тұр. Ақ үйдің аванстық тобы осы үшін де Сингапурға барады», – деген.
Оңтүстік Кореяның лауазымдыларының қарауынша, АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы кездесудің мүмкіндігі толықтай жоғалған жоқ. Екі ел арасында жаңа бағытта келіссөз үшін талпыныстар жалғасуда.