Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қамауында отырған Сайрагүл Саутбайдың туыстары мен қоғам белсенділері баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихатына Сайрагүл Саутбайдың күйеуі Уәли Сләм қоғам белсенділері Рысбек Тоқтасынұлы, Жұмабек Әлімхан және журналист Гүлмира Тойболдина сынды азаматтар қатысты. Баспасөз мәслихатында алғашқылардың бірі болып сөз алған Сайрангүл Саутбайдың күйеуі Уәли Сләм былай деді:
«Әйелімді төрт күннің алдында үйге қарапайым киінген Бауыржан Қуаныш және Берік деген екі жігіт келіп, сені қытайға да бермейміз, паспортыңды да бітіріп береміз деп алып кетті. Мен ертеңінде таңертең Қорғасқа бардым. Онда олар маған сұрақтар қойды, тоқ таяқпен ұрды, бүйірімнен ұрды. Сен өтірік айттың деді. Думан және Екпін деген екі адамды танисың. Сенің туыстарың екен деді. Бірақ мен оларды танымайтынымды айттым. Бірақ олар сен күйеуісің, әйеліңнің шекарадан қалай өткенін, оған кім жол көрсеткенін сөзсіз білесің деді. Алайда Сайрагүл маған ештеңе айтпады. Мен әйеліммен үш жыл бойы дұрыс сөйлесе алмадым. Әйеліммен балаларымды ертіп Қорғаста қаңтар айына дейін үш-төрт рет қана кездескем».
Өз кезегінде баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың бірі Рысбек Тоқтасынұлы аталмыш мәселеге байланысты өз ойын төмендегідей тарқатты:
«Сайрагүл Саутбай деген кісі Қытайға кеткен. Сол жақта құжаттары тартып алынған және Қазақстандағы отбасына қайту мүмкіндігінен айырылған. Сайрагүл Қазақстандағы отбасын сағынып, шарасыздықтан Қытай шекара қызметі өкілдеріне жалған құжат жасатып, сәуір айында Қазақстан шекарасынан өткен. Осыдан үш күн бұрын Қазақстан Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі қызметкерлері үйінен алып кеткен. Қазіргі жағдайда оның Қытай жағына қайта өткізіп жіберу қаупі төніп тұр. Егер ол Қытайға өтіп кететін болса, ол адамның қайтып Қазақстан топырағын баса алмайтындығы белгілі. Себебі Қытай заңы қатал, оны өлім жазасына немесе өмірлік түрмеге кесуі мүмкін. Бізді алаңдатып отырған нәрсе осы».
Бұдан бөлек баспасөз мәслихатында Сайрагүл Саутбайдың ісін танымал қорғаушы, Абзал Құспанның өз қолына алғандығы мәлім етілді. Осыдан кейін Qazaq Times тілшісі Абзал Құспанға хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтаған. Алайда ол әзірге іспен толықтай танысып үлгермегендігін айтып, қазірге Сайрагүл Саутбайға «саяси баспана» сұрау басты мәселе екендігін айтқан.
Бүгінде Қытайдағы этникалық қазақтардың басындағы қиын жағдай әлемдік БАҚ беттерінде көптеп көтеріліп жүр. Осының алдында ғана ҚР Шекаралық бақылау қызметі Мысырға қайтарып жіберген қандасымыздың жағдайы оңынан шешім тапқан еді. Бұл істіде оң шешім табады деген сенімдеміз.