Шынжаң жағдайында оңды өзгерістер болды. Жергілікті билік өңірдегі жағдайды реттеп, Шынжаң саясатын Қытай Орталық үкіметінің саясатымен ұштастырып, көршілес елдермен байланысты жақсартатынын білдірді. Бұл туралы «Шынжаң газеті» (Xinjing Ribao) басылымы хабарлады.
Өткен аптада, Шынжаң Ұйғыр Автономиялы аймағы Партия тұрақты комитетінің отырысы өтіп, онда Қытай басшысы Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин/Xi Jinping) Орталық Сыртқы істер жөніндегі комитеттің бірінші отырысында сөйлеген сөзін басты тақырып етілді. ҚХР төрағасының жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелікке ие дипломатияның жаңа үлгісін қалыптастыру идеясына қолдау білдіретіндерін алға тартты.
Аталған отырыстың қорытындысында, Қытай басшысының Орталық Сыртқы істер жөніндегі комитеттің бірінші отырысында сөйлеген сөзін жаңа дәуірдегі қытайлық сипаттағы дипломатияның үлгісі мен бағытын айқындап берді деп бағалады.
Шынжаң өлкесінің Бірінші хатшысы Чын Чуанго жиында: «Біз мемлекет басшысының бұл сөзін зерделей отырып, оны жүзеге асыруға ат салысуымыз, елдің жалпы дипломатиялық жағдайына үлес қосуымыз керек. Біз бірыңғай көшбасшылықты орталықтандыруға, жалпы жағдайды біліп, өзгерістерді бағамдауымыз және Сыртқы істер жөніндегі Орталық Комитетінің орталықтандырылған және бірыңғай көшбасшылығына бағынуымыз керек. Сыртқы істер жөніндегі ірі шешімдер қабылданады және барлық іс-шаралар Партия Орталық Комитетінің командалық-бұйрығымен орындалады», – деді.
Жиын қортындысында, Шынжаңның «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының маңызды аймақ ретіндегі рөлін толық дамытып, инновациялық институционалдық тетіктерді жаңартып, жаңа орта қалыптастыру, сыртқы ашық болу үрдісін арттыра түсу керек делінді. Сыртқы қарым-қатынастар деңгейін көтеру, дұрыс бағытта реттеу, шетелдермен ынтымақтастықты белсенді жүзеге асыру, көрші елдермен достық қарым-қатынасты нығайту, жергілікті саясатты, оның ішінде сыртқы істерді жөнге салу бағытында жұмыс істейтін болды.
Шынжаң билігінде болған бұл өзгерістер, ондағы қандастардың жағдайына оң ықпал етеді деп үміттенеміз.