Аты шулы «Сауда соғысы» болмайтын болды. АҚШ пен Қытай бір-біріне бағыттаған қатаң сауда тарифтерін қайтарып алуға келісті. Бір күн бұрын екі ел келісімге келіп, Бейжің тарабы америкалық тауарларды сатып алуға еркіндік беріп, АҚШ-Қытай арасындағы сауда тапшылығын көрнекті қысқартатын болды. Бұл туралы «The New York Times» басылымы хабарлаған еді.
Сауда келісімі қандай нәтиже берді?
АҚШ Қаржы министрінің Стивен Мутчин Fox News арнасына берген сұхбатында, әлемнің ең ірі экономикасына ие екі ел өте маңызды прогреске қол жеткізгенін айта келіп: «Біз сауда дауын шешуге бір қатар негіздер жасадық. Сондықтанда, біз қатаң сауда тарифтерін қайтарып алуға келістік», – деді.
Ал, Қытайдың ресми ақпарат агенттігі «Шинхуа» АҚШ-қа Қытай сауда делегациясын бастап барған премьер-министрдің орынбасарын Лю Хының сөзіне сілтеме бере отырып: «Тараптардың консенсусқа қол жеткізіп, бір реткі сауда соғысының алдын алды және өзара қатаң сауда тарифтерін қайтарып алды», – деп хабарлады.
Қытай премьерінің орынбасары Лю Хы өз сөзінде: «Бұндай келісім өте қажетті. Дегенмен, осымен қатар біз мынаны түсінуге тиіспіз – қатып қалған тоңды бір-ақ күнде бұзуға болмайтыны секілді, екі ел арасындағы экономикалық және сауда қатынастарындағы құрылымдық мәселелерді шешу үшін әлі де уақыт қажет», – деді.
«Сауда соғысының» сипаты қандай еді?
Естеріңізде болса АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың әділетсіз сауда саясатын айыптап, егер Бейжің билігі сауда саясатына реформа жасамаса, 150 млрд АҚШ доллары құнына ие Қытай тауарына қатаң тарифтер енгізетінін (кеден салығын көбейту сынды) мәлімдеген еді. Бұған Қытай тарабы да қарсы шара қолданып, АҚШ тауарларына салықты көбейтетінін айтқан. Сонымен әлемнің бірінші және екінші ірі экономикасына ие екі ел арасында сауда соғысы бұрқ ете түсуге шақ қалған.
АҚШ қаржы министрі Мутчин мен Ақ үйдің экономика жөніндегі кеңесшісі Ларри Кудлоудың айтуынша, АҚШ сауда министрі Росс көп ұзамай америкалық делегацияны бастап барып, Бейжіңде келіссөздің келесі отырысын бастайды. Онда екі ел арасындағы сауда дауын шешу үшін АҚШ тауарларының Қытай базарына кіруі туралы талқыланатын болады.
Сарапшылар не дейді?
Чикаго халықаралық істер бойынша кеңесшісі, аға ғылыми қызметкері Филип Леви VOA News агенттігіне берген сұхбатында: «АҚШ жөнінен алып айтқанда, кезекті келіссөз Қытаймен арадағы кедендік қарсыластық, сауда соғысын уақытша тоқтатқанымен, жалпы келіссөз нәтижесі орташа деңгейде қалып қойды», – деген пікірін айтты.
«Менің ойымша, Трамп үкіметі Қытайға бағытталған экспорт көлемінің артатынын айтып мақтануы мүмкін. Алайда, бұл мәселенің түйіні емес. Мүмкін олардың басқа да ойлағаны бар, алайда ұлттық мүдделер тұрғысынан алғанда, бұл нақты мәселе немесе шешім емес», – деді Филип Леви.
Оның ойынша қос тараптың суада келіссөзінің нәтижесі – сауда менеджменті тұрғысындағы келісім ғана. Алайда, бұл екі ел арасындағы сауда соғысының түпкі себебін шеше алмайды. Негізгі мәселе болса – Қытай сынды алып елдің үкіметі жасаған сауда саясаты әлемдік сауда кеңістігіне кіруі.
Ақ үйдің экономика жөніндегі кеңесшісі: АҚШ-Қытай келіссөздері үлкен жетістікке жетті
Сарапшылардың пікірі мүлде басқаша екеніне қарамастан, Ақ үйдің экономика жөніндегі кеңесшісі Ларри Кудлоу АҚШ-Қытай сауда келіссөзін «тараптар зор нәтижеге қол жеткізді» деп бағалады. Ол сөзінде: «Сіз біздің келесі қадамда не істейтінімізді анық байқай аласыз. Тарифтер кері қайтарылғанда, сауда кедергілері жойылып, АҚШ-тың экспорты арта түсетін болады. Кез-келген жекелеген келісімдер «АҚШ-тың экспортына пайдалы, ал, Қытайдың дамуына тиімді» болады», – деді.
Қытайлық технология алыбы жазадан құтыла алмайды
Екі ел арасындағы сауда дауының бір парасы ZTE компаниясының мәселесі. ZTE қытайлық ең ірі технология компаниясы саналады. АҚШ-тың қатаң шараларынан кейін, ZTE компаниясы өзінің қалыпты жұмыс істеу мүмкіндігін жоғалтқанын мәлімдеген болатын.
АҚШ өткен жылы ZTE-ні, Иран мен Солтүстік Кореяға бағытталған санкцияларын бұзды деп айыптап, 1,2 миллиард доллар айыппұл салған. Дегенмен, жақында Трамп Қытай басшысы Ши Жинпиңнің өтініші бойынша, аталған компанияға жеңілдік жасайтынын айтқан. Дегенмен, Ақ үйдің экономикалық кеңесшісі, жеңілдіктер жасалғанымен, қытайлық технология алыбының жазадан құтылмайтынын жеткізді