Біріккен Араб Әмірлігінде бірнеше отандасымыз астан уланды. Олар танымал қонақ үйде таңғы астарын ішіп, ізінше дәрігерлердің көмегіне жаппай жүгінген. Тіпті, инфекция жұқтырғандардың арасында балалар да бар екен. Қазір астан уланған бірнеше қазақстандық отбасы елге қайтып үлгерді. Олардың көбі Астана және Алматы қалаларындағы ауруханаларда жатыр.
The Qazaq Times тілшісі араб еліне саяхаттауға барып, қапыда жұқпалы дертке шалдыққан науқастардың бірімен телефон арқылы сөйлесті. Әсел Жарасқалиқызы есімді тұрғын болған жайтты егжей-тегжейлі баяндап берді. Айтуынша, қонақ үйде ұзын-ырғасы 200-ге жуық турист тамақтан уланған екен. Олардың 50-ге жетеғабылы біздің елден саяхаттап барғандар. Қалғаны Ресей, Украина және Беларусь елінің туристері. Улану дерегі тіркелген соң, жергілікті дәрігерлер науқастардың барлығына алғашқы көмек көрсеткен. Кейін, туристік компаниялар отандастарымыздың елге қайтуына септесіпті. Бізге белгілісі - қазір он шақты отбасы Қазақстанға оралып үлгерген. Олардың бірі Алматыдағы ауруханада жатыр. Мұндағы дәрігерлер астан уланған әлгі науқасқа сальмонеллез диагнозын қойыпты-мыс. Қалғандарының қандай дертке шалдыққаны әзірге анықталмады.
Тамақтан уланып, жағдайы күрт нашарлағандардың арасында Әсел Жарасқалиқызының отбасы да бар. Әсіресе, 1 жастан асқан баласының жағдайы тым ауыр. Бауырына зақым келген бұлдіршін Астанадағы жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр екен.
Осы тұста, жұқпалы дертке шалдыққан отандастарымыз туристік компаниялар мен сақтандыру мекемелерінен саяхатқа кеткен шығындарын өтеп алатындарын мәлімдеді.