Кез келген қоғамда жастар мәселесі өзекті. Олардың ой-арманы, қызығушылығы - болашақ қоғамның көрінісі деуге де болады. Ендеше, қазіргі қазақ жастарын не қызықтырады? Олардың қазақ тілінен гөрі шетел тіліне неге көбірек әуесі ауады? Осы сұрақтарды Еуропада білім алған қазақ жастарының өкілі, қазақ жастары арасында танымал блогер Ел-Дана Аманжолқызына қойып көрдік.
Ел-Дана, қазіргі қазақ жастарының бағыты мен қызығушылығы туралы не айтасың?
Қазіргі жастар бір-бірімен сөйлеспейді. Құндылықтар туралы сұраққа осындай жауаптан бастаған қызық шығар, бірақ, менің ойымша, көптеген проблемалардың астары коммуникацияның жоқтығында. Барлығы телефонда отыратындықтан, жастар өз ойларын нақты жеткізе алмайды.
Сосын, қазір әлеуметтік желіде танымал болу деген қызығушылық пайда болды. Инстаграм деген әрине технологиялық дамудың айқын айғағы. Бір қарағаннан, өте пайдалы болып көрінгеніне қарамастан, бұның да екінші жағы бар.
Біріншіден, адамның ойда сақтау қабілеті тежеледі. Парақшаға кіріп, бүкіл посттарды көріп шығып, бір минуттан кейін адам оны ұмытып қалады. Ойлау қабілеті төмендейді.
Екіншіден, бұл әлеуметтік желіні көбісі ешқандай пайдасы жоқ контентпен толтырады. Сол себепті, адамға осы «инстақоқыстың» арасында өзіне керек ақпаратты табу қиынға түседі.
Үшіншіден, коммуникациялық қабілеттіліктің төмендеуі. Алысқа кетудің керегі жоқ, мысалы: кейбір отбасылар бар, әрбіреуі өзінің смартфондарына үңіліп, өзара әңгіме-дүкен құрмайды, сөйлеспейді. Балалар тұйық болып өсуі мүмкін.
Кейде әлде бір түрткі ой келеді, кофеханаларға кірген кезде шкаф орнатып қойып, қонақтар соған өздерінің девайстарын қалдырса, немесе қоғамдық орындарда Wi-Fi принципиалды түрде өшіріліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Менің ойымша, егер ата-аналарының махаббаттарына малынып өскен, адами құндылықтарды ескере өскен болса, адамның балалық шағы бақытқа толы болса, үлкен кісілердің өсиеттері мен ақылдарын бойларына сіңдірген болса, баланың мейірімді, кең пейілді адам болып өсуі әбден ықтимал. Қазіргі заманның ағымы басқа ма, әлде адамдардың көз-қарастары өзгергендіктен бе екен?... Барлығы басқаша. Егер баяғыда ата-аналарымыз ойын баласы болып жүрген бізді даладан үйге күштеп сүйреп әкелетін болса, қазіргі балаларды далаға қуа алмайсың. Олардың барлық арманы – жаңа смартфон, жаңа планшет. Бұндай қызығушылықтармен бақытты балалық шақтың болуы екіталай.
Қазіргі кезде қазақ тілді әлеуметтік желі парақшаларының тақырып аясы тар деген пікірлер бар. Бұл сөзбен келісесің бе?
Шынымен де, қазақ тілді әлеуметтік желілерді бір шолып өтсең, лентаның бәрі кілең жауыр болған арзан әзіл, әркімнің өз басына ғана керек, бірақ өзгеге паш етілмейтін мәліметтерге, озбырлыққа және әйел алудың немесе отбасы болудың келеңсіз келбетін жариялауға бағытталған проблемаға толы деген жаңалықтар әр жерден шығып тұрады. Осындай жаңалықтардың жанында шынымен қызықты, мағыналы мақалалар жөнімен қалады.
Менің ойымша, бұның бәрі үйдегі тәрбиеден басталатын нәрселер. Менталитет дейміз ғой, бірақ әр ата-ана үйінде өсіп келе жатқан балаға және сол бала мектеп табалдырығын аттағанда ұстаздар қоғамдағы өзекті мәселелердің дұрыстығы мен бұрыстығын байыптап түсіндірсе, уақыт өте келе бұндай мақалалар да қызықсыз болып қалар еді.
Алайда, әлі бұндай жаңалықтардың рейтингісі жоғары болып тұр, және бұл айтарлықтай проблема.
Өзіңнің Instagram желісіндегі белсенділік тәжірибеңмен бөлісе кетсең.
Мен жазбаларымды жазған кезде, белгілі бір контент құрастыруға бағыт алмаймын. Оның орнына әр түрлі тақырыптарға шамам келгенше жазамын. Өзімді блогер деп айта алмаймын. Бірақ жайдан-жай «мынандай тамақ жеп отырмын, мына жақта демалып отырмын» деген нәрселерді жаза беруді ыңғайсыз деп санаймын.
Тағы бір өкінішті жайт - қазақ блогерлерді қазір аса қатты оқымайды. Неге десек, ол тек қана оқырманның проблемасы емес. Баяғыда қазақтар астарлап сөйлейтін. Қазір бәрі жанама, жеңіл жазылатын посттарға ұмтылады.
Мен кейде жазбаларымды қазақшалап, астарлап, публицистикалық мәнерде жазуға тырысамын. Бірақ оны көбісі түсінбейді. Неге түсінбейді? Өйткені, көптеген оқырмандар қазақшадан гөрі, орысша жазатын блогерлерді жақсы көреді, өйткені оңай оқылады. Бірақ, олардың көбісі псевдоблогерлер екенін олар тағы да түсініп бақпайды.
Ондай блогерлердің көбісі онсыз да бәріне мәлім нәрселерді қайта-қайта жаза берсе, қалғандары плагиат істейді. Ал енді, кейбіреулері тіптен элементарлы сөйлем құрастыруда қателер жібереді. Ал мен, өзгеге еліктеуге тырыспаймын. Әрине, егер мен трендтік тақырыптарға және оған қоса жеңіл ұғымда жазсам кім білер, аудиториям да үлкен болар ма еді.
Жастар дегенде бірден «ел болашағы» деген сөз тіркесі айтылады. Сенің ойыңша, қазіргі жас буын қаншалықты жарқын болашақ құруға дайын?
Болашақ құрудан бөлек, өкінішке орай, қазіргі жастар өмірден өздеріне не керек екенін білмейді. Егер сен 20 жасыңда немен айналысқың келетініңді білмесең, 30-ға толғанда одан ары адасып кетесің.
Мысалға, мен студенттерді көріп жүрмін. Өзіммен қатарлас 4-курс оқитын балалар. Олардан оқу бітіргеннен кейін не істейсің, мамандығың бойынша қай жерге жұмыс істеуге барасың деп сұрасаң, саған былай жауап береді:
«Мына мамандық менікі емес екен. 4 жыл бойы жай диплом алу үшін оқыдым», - деп шығады. Олар әлі өз орнын таба алмай жүр. Егер сен 1-курсқа түскеннен өзіңе мақсат қоймасаң, сенің жоғарғы біліміңнен ешқандай пайда болмайды. Ондай адамдарды түсінбеймін.
Сосын студенттердің көбісі белсенділік танытуға таяз. Мысалға, кез келген университетті алсаңыз, жастардың өздерінің талаптарын көрсетуге, дамытуға мүмкіндік ашатын ұйымдар мен клубтар бар. Неше түрлі жастар ұйымдарынан бастап, КВН жарыстары мен спорттық сайыстар баршылық. Өкінішке орай, қазір ондай белсенді толқында қозғалатын жастар өте аз. «Маған қызық емес, одан да босқа уақыт кетіргенше, үйде отырмаймын ба?», «Ақша бермесе, ол жерде не бітіремін. Керек емес» секілді пессимистік нотаға толы пікірде жүрген балалар көп.
Енді, әңгімені жастар арасындағы тіл мәселесі жөнінде өрбітсек. Өзіңнің замандастарың арасында қазақ тілінің аясы қаншалықты?
Қызық жайт айтып өтейін. Мысалға, Еуропада көптеген қазақ диаспоралары өмір сүреді. Чехияда қазақ студенттерінен құралған «Тарлан», Мажарстанда «Бірлік» тағы сол сияқты Францияда, Англияда басқа да әлемнің түкпір-түкпірінде ассоциациялар жетерлік. Алайда, атауы қазақ болғанына қарамастан, ол жердегі қазақ жастары өз арасында орысша сөйлеседі. Мен өзім Еуропада оқып білім алған кезімде, маған түрік досым айтқан болатын: «Осы сендер қазақ болсаңдар, өздеріңнің ана тілдерің бар болса, неге өзара орысша сөйлесесіңдер?». Мен не деп жауап бере аламын оған.
Жалпы мен білетін шетелдік жастардың барлығы қай елде жүрсе де өз тілдерінде сөйлеседі, ал ағылшын тіліне тек өзге ұлт өкілімен қатынасқа түскенде көшеді. Ал біздің жастардың көбісі тіпті қазақ тілінде сөйлемек түгілі, оны білмейді да. Тіпті сол ағылшын тілін өз тіліне қарағанда жетік меңгерген секілді.
Менің ойымша, тілдің жанашыры болып, оны құрметтеуге шақырудан бұрын, әр адам өзінен бастап, қазақ тілін үйрене бастаса, жақсы болар еді.
Тағы да бір айта кетерлік жайт, қазіргі жастар кітап оқымайды дейміз. Кітап дегенде бір психологтардың жазған кітапшалары емес, кәдімгі толыққанды әдебиет үлгілерін меңзейміз. Ал неше түрлі психологтардың әңгімесін немесе ақылды ата-ана үйде айтып бере алады ғой. Сондықтан, ондай кітаптарды әдебиет деп түсіну қиын.
Мен мысалға, 4 сыныпқа көшкен кезімде анамның бастауымен «Абай жолын» қарастырып, оқып бастаған едім. Алайда, әр өмір кезеңінде оны қайтадан оқысаң, туындыны жаңа қырынан танитындай боласың. Қазіргі таңда ұмытыңқырап қалған да болармын, сондықтан да осы саналы кезімдегі ойыммен қайта оқып шықсам ба деп жүрмін.
Оған қоса кітап оқымаудан бөлек, жастардың білімі де жанама болып кетті. Қазіргі студенттер не істейді? Ертеңгі сабаққа дайындалу үшін жаттап барады, жаттағанын айтып береді де сол сәтте бәрін ұмытады. Сондықтан, менің ойымша, жастарға жүйелі түрде назар аудару керек.
Сөзімді аяқтар алдында айтарым: қаншама өкінішті нәрселерді айтып өтсем де, мен жастарды қолдаймын. Себебі, мен өзім солардың қатарына жатамын. Айналамда білімді, білікті, барлық озық критерийлерге сай, еңбекқор, арманшыл, мақсаттарын айқындай білетін, бәсекеге қабілетті, адал, жауапкершіліктері мол, тәуелсіз елімізді дамытуға үлестерін қосып жүрген жас буын өкілдері де бар. Олар жетерлік. Бірақ, олар көбінесе шетелге кетіп қалғысы келеді. Неге десек, оларға тұрарлық деңгейде қолдау көрсетілмейді. Деңгейлеріне сай жұмыс бергеннің өзінде, үлкен адамдар оларға жәрдем берудің орнына қызғанатын секілді. Мен өзім шетелге тек қана тәжірибе алмасу үшін баруға дайынмын. Себебі, мен өз елімнің патриотымын. Не дегенмен, Қазақстанның болашағы жарқын, еліміздің тәуелсіздігі баянды болуы үшін, біз жастар дәстүрімізді, бірлігімізді, тарихымызды лайықты жалғастыруға тиіспіз.
-Сұхбатыңа рахмет!
Әңгімелескен: Мархаббат Ілияс