Халықаралық «Би-Би-Си» ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Иран президенті Хасан Рухани Трамп пен Макронның Иранның ядролық бағдарламасы туралы келіссөздеріне қарсылық танытып, қатаң мәлімдеме жасаған. Иран президенті, АҚШ пен оның еуропалық одақтастарының жеті тараптың қатысуымен жасалған ядролық келісімшарт баптарына өзгеріс енгізу бастамаларының заңдылығына күмәнмен қарайтынын айтқан.
Естеріңізге сала кетсек, сейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның франциялық әріптесі Эммануэль Макрон 2015 жылғы келісімшарттың баптарына маңызды толықтырулар енгізуге бағытталған «жаңа келісімшарт» туралы мәмілеге келетіндерін жариялаған еді.
АҚШ пен Франция президенттерінің аталған бағдарламаға қатысты бастамаларына қарсылық танытқан Иран президенті Рухани: «Сіздердің саясатта мұндай тәжірибелеріңіз жоқ! Ешқандай құқықтық білімдеріңіз де жоқ. Сіздер халықаралық келісімшарттармен жұмыс істеп көрмегенсіздер. Саудагер, алыпсатар, құрылысшы немесе мұнара салушы адам халықаралық істер туралы қалайша пікір айта алсын?» , - деген.
Енді АҚШ пен оның одақтастарының мұндай қадамына Ресей жағы да қарсылық танытуда. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің де бұл келісімшартқа өзгерту енгізуін негізсіз деп есептейтінін айтты. «Ресей Иранның ядролық бағдарламасының өзгеріссіз қалғанын құптайды. Біз оның ешқандай баламасы жоқ есептейміз. Әрі ол барлық тараптың қатысуымен орындалу керек деп санаймыз» , - деді Песков.