Жақында Ресей Telegram әлеуметтік желісін бұғаттады. Оған жоба авторы Павел Дуровтың «әлеуметтік желі арқылы Gram криптовалютасын айналымға енгіземін» - деген мәлімдемесі себеп болған. Осыған байланысты бүгін біз әлем бойынша әлеуметтік желілерге тосқауыл қойған мемлекеттерге қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Әлемде интернет желісін бұғаттау жағынан Солтүстік Корея бірінші орында тұр. Ким Жоң Унның басқаруындағы бұл елде ғаламтор желісіне толықтай тыйым салынған. КХДР-да инернет желісін тек ұлттық қауіпсіздік қызметі, ғалымдар және жоғары лауазымды шенеуніктер ғана пайдаланады. Ал қалған қарапайым халық толықтай сүзгіден өткен «Кванмен» желісін тұтынады. Бұл желіге тиісті ведомства арнайы тексерістен өткен ақпараттарды ғана жариялайды. Бір сөзбен айтқанда қазіргі уақытта Солтүстік Корея халқы сыртқы әлеммен байланысын үзген.
КХДР-дан кейін өзінің жеке интернет әлемін қалыптастырған Қытай. Бұнда ел билігі ғаламторға арналған «Алтын қалқан» жобасын іске қосқан. Жобаны 2 миллионға жуық арнайы қызметкер бақылауда ұстап отыр. Бұдан бөлек Қытайда Google, Facebook, Twitter, YouTube, Instagram сияқты әлеуметтік желілер толығымен бұғатталған. Олардың орынын қытайлық әлеуметтік желілер басқан. Аталмыш әлеуметтік желілерге жеке куәлігің арқылы ғана тіркеле аласың. Қытайда сөз бостандығын былай қойғанда, қарапайым әлеуметтік желілердеге пікір еркіндігінің өзі шектелген.
Жақында ғана дүкендегі жұмыртқа бағасының қымбаттауынан әлеуметтік толқулар болған Иран Ислам Республикасында да интернет шектелген. Ресми Теһран республика бойынша Facebook, Twitter, YouTube, Whatsapp, Viber, ВКонтакте және Яндекс желілерін бұғаттаған. Reuters ақпарат агенттігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Иран билігіде Қытайдағыдай өзінің жеке ғаламтор платформасын жасауға күш салуда. Бірақ әзірге ресми Теһранға бұл жобаны іске асыру үшін техникалық база әлсіздігі кедергі болып тұр. Қазіргі таңда Иранда шетелдік әлеуметтік желілерден тек Telegram ғана жұмыс істеуде. Оны 40 миллионға жуық ирандық пайдаланады. Бастапқыда ел билігі Telegram-ды да бұғаттаған. Алайда ел экономикасына елеулі үлес қосатын әлеуметтік желінің жабылуымен жұмыссыздар санының өсуіне байланысты Telegram-ды қайта іске қосуға мәжбүр болған.
ТМД елдері арасында әлеуметтік желілерді бұғаттау жағынан Түркіменстан алдына жан салмай тұр. Бұнда тек бір ғана «Түркіментелеком» мемлекеттік серверы жұмыс істейді. Оған балама бір де бір сервер жоқ.
ТМД бойынша Түркіменстаннан кейін екінші орынға Украина жайғасқан. Ресми Киев 2017 жылдың мамыр айында Мәскеумен арадағы қарым-қатынастың ушығуына байланысты ресейлік ВКонтакте, Одноклассники және Яндекс желілерін бұғаттаған. Былтырғы жылға дейін 16 миллион украиналық ресейлік ВКонтакте әлеуметтік желісін пайдаланып келген. Алайда аталмыш желінің бұғатталуына байланысты украиналықтардың басым көпшілігі Facebook желісіне көшкен.
Ғаламторға шектеу қоятын елдердің келесі легін Түркия, Пәкістан, Вьетнам және Венесуэла жалғастыруда. Сарапшылар аталмыш елдерді әлеуметтік желілерге уақытша шектеу қоятын мемлекеттердің қатарына жатқызады. Жоғарыда аталған төрт мемлекеттің төртеуі де әлеуметтік желілерге елдегі саяси жағдайға байланысты шектеу қояды. Бұл тізімге Қазақстанды да кіргізуге болады. Себебі Қазақстан билігі де әлеуметтік желілердің жұмысына белгілі бір уақыттарда тосқауыл қояды. Атап айтқанда Instagram немесе You Tube әлеуметтік желілері оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов тікелей эфирде қандай да бір мәлімдеме жасалғанда жұмысын уақытша тоқтатады. Жақында Қазақстан билігі Telegram компаниясының әкімшілігінен Мұхтар Әбілязовтың парақшасын бұғаттауды сұраған.
Жалпы алғанда қазіргі таңда әлеуметтік желілер авторитарлы билік жүйесіндегі елдердің бас ауруы болып тұр. Себебі көшеге немесе қандай да бір мемлекеттік органға барып өзінің көзқарасын, мұң-мұқтажын айтуға мүмкіндігі жоқ азаматтық белсенділер дәл осы әлеуметтік желілер арқылы күш біріктіруде. Оған айқын дәлел Украинада болған еуромайдан. 2014 жылы Киев халқы еуромайданды Facebook әлеуметтік желісі арқылы ұйымдастырған.