АҚШ президенті Дональд Трамп «Тайуанға (Тайвань) саяхат туралы заңға» қол қойғаннан кейін, мемлекеттік хатшының екі көмекшісі және көптеген Конгресс мүшелері Тайуанға ресми сапармен барып, АҚШ-Тайуан қатынасын жоғары деңгейге көтерген болатын. Алайда, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда және сыртқы саясаттағы шиеленістердің артуымен, Тайуан мәселесі Уашингтон мен Бейжің арасында тым сезімтал тақырып болып өзгерді. Тіпті кейбір тараптар Тайуан екі ел арасындағы шахматтың пешкасына айналып қалды ма деп алаңдайды. Бұл туралы «VOA» ақпараттық сайты жазды.

Алайда, бұл алаңдаушылық турасында Тайуан президенті Сай Иыңвын сейсенбі күні сол елдегі «Nian Dai» арнасында өз пікірін білдірді. Ол аталған арнаның бағдарламасында шетелдік жастармен кездесіп, олардың алаңдаушылығын теріске шығарды. Тайуан басшысы сөзінде: «Тайуанды төмен бағаламаңыз, Тайуан өзі де бір шахматшы. Сыртқы саяси болмыстар күрт өзгерген қазіргі жағдайда, Тайуан барлық жағдайды меңгеруі керек. Бұл «Гомеопатиялық операция» деуге болады», – деді.

Сай Иыңвын сөзінде: «Тайуанның 23 млн халқы бар, бұл аз мөлшердегі халық саны емес. Ал, Тайуанның экономикалық қуаты, тіпті әскери қуаты да белгілі бір деңгейде. Шын мәнінде Тайуанның өзі де айтарлықтай күш-қуатқа ие. Көптеген адамдар бізді басқалар шахмат тасы ретінде сөз қылады. Бірақ, сіз ұмытпаңыз, Тайуан өзі де бір шахмат ойыншысы», – деді.

Дегенмен, Тайуан басшысы қазіргі сыртқы жағдайлардың күрделі өзгерістерге түскенін, Тайуанның жеке күш қуаты жағынан бұған қарсы тұрудың қиын екенін анық мойындайды. Ол бұны Тайуанның ұлттық қорғанысы үшін үлкен сынақ деп бағалады.

Тайуан тақырыбы Бейжің билігінің ішкі-сыртқы саясатындағы ең сезімтал тақырыптардың бірі. Осыдан бұрын Қытай басшысы Ши Жинпиң Тайуанның дербестікке ұмтылып жатқанын қатаң сынға алған болатын. Ол және Қытайдың қазіргі қуат-күшін айта келіп, ҚХР тұтастығын бізден ешкім бұзып әкете алмайды деп ескерткен. Соңғы АҚШ пен Қытай арасындағы қайшылықтардың арта түсуі Тайуан мәселесін күрделілендіре түсті.

 “The Qazaq Times”