Ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, Қытай үкіметі көптен бері даулы теңіз аумағындағы табиғи газ бен мұнай, тағы басқа ресурстарды пайдалануға шектеу қойып, Вьетнам экономикасына қысым түсіріп келген. Табиғи газ бен мұнайға қажеттілік Вьетнам экономикалық өсіміне тікелей әсер етеді. Қытай тарабының қысымы бұл елдің экономикалық дамуына үлкен кедергі жасаған. Вьетнамда Қытай қысымына қарсы наразылық акциялары жиілей түсті. Бұл туралы «Voice of America» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Өткен айда Испанияның Ұлттық мұнай компаниясы Вьетнам әлдеқашан мақұлдаған Оңтүстік Қытай теңізіндегі мұнай бұрғылау жобасынан шегініп шықты. Халықаралық БАҚ пен саяси мәселелер жөніндегі сарапшылар бұның себебі Қытайдың аймақта жасап отырған қысымынан деп қарайды.
Вьетнам тарабы қазір аталған теңіздің Орталық жағалау өңірінде ExxonMobil Oil компаниясымен табиғи газды барлау бойынша құны 4,6 млрд АҚШ доллары көлеміндегі жоба жасасып отыр.
Қытай мен Вьетнам арасында теңіздегі иелік құқық дауы өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері жалғасуда. Қытай өзінде сақталған тарихи жазба деректерді алға тарта отырып, Оңтүстік Қытай теңізінің барлық иелік құқығы өзіне тән деп қарайды. Ал, Ханой билігі Вьетнамның аталған теңізбен шектескен шығыс жағалауы өзіне тән деп есептейді. Екі ел арасында 1974 жылы және 1988 жылы теңіздегі иелік құқық мәселесі қақтығысқа ұласқан болатын. Қытай билігінің 2014 жылғы жариялаған Оңтүстік Қытай теңізі иелік құқық мәселесі бойынша жариялаған шешімі, аймақтағы шиеленісті ушықтырып жіберген.