Түркия үкіметінің Сүрияның Африн аймағындағы "Зәйтүн бұтағы" операциясынан кейін Манбидж аймағын да YPG террорлық ұйымынан азат етуге бекінгені белгілі. Енді түріктердің осы әскери операцияларына Франция да араласып отырған сыңайлы. Себебі, соңғы уақыттары "Сүрия Демократиялық Күштері" (SDF) деген атаумен аталып жүрген "YPG" ұйымының белсенділерін қолдаған Франция президенті Эммануэль Макрон, Түркия мен SDF арасында араағайындық жасауды мақсат етіп отырғандығын жариялады.

"YPG" ұйымының белсенділері де Францияның өздеріне қолдау көрсету мақсатында Манбиджге әскер жіберуге уәде бергенін айтқан. Бұл туралы Франциның "Le Figaro" газеті "YPG" ұйымына қатысты жариялаған  мақаласында хабарлады.

Аталған хабарда, "Мұндай шешім Сүрияның солтүстігіндегі Евфрат жазығында орналасқан Манбиджде бақылау орнату мақсатында әскери қимыл бастауға дайындалып жатқан Түрік күштерінің шабуылының алдын алуға бағытталған. Анкарадағы Франция елшісіне осы шешімді ел президенті Режеп Тайып Ердоғанға жеткізу міндеті жүктелді. Бейсенбі күні президент Макрон, Күрд және Сүрия араб өкілдерінен құралған бір делегациямен кездесті. Кездесу барысында Франция әскери бірліктерінің Манбидж аймағына жіберілетіндігі хабарланды" , - деп жазылған. Алайда, аталған шешімге қатысты Парижден әлі ресми мәлімдеме жасалмады. Ал Анкара үкіметінің бұл шешімді жылы қабылдамайтыны түсінікті.

Айта кету керек, бүгін Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Үміт Ялчын, Вашингтонда АҚШ өкілдермен осы күрделі мәселе туралы сөйлеспек. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоглу, Манбиджді "YPG" террористерінен тазарту үшін АҚШ-мен ортақ "мәмілеге" келгенін бұдан бұрын да айтқан еді. Алдағы жоспарға сәйкес, Манбидждегі қауіпсіздікті Түркия мен АҚШ әскерлері бірге жасамақ. Түркияның "YPG" террористерін Манбиджден кетіруге шындап кірісіп отырғаны анық. Президент Ердоған алдыңғы күні жасаған мәлімдемесінде "Манбиджден кетпеу" ұстанымы Трамптың еркіндегі нәрсе емес" , -деген болатын. Енді бұл мәселеге Франция да араласа бастады.

“The Qazaq Times”