АҚШ-тың "Center for Global Development" сараптамалық орталығы Қытай қарызын қайтаруға қауқарсыз елдердің тізімін жариялады.
Жақында "Center for Global Development" сараптама орталығы Қытай нәсиесінің қай елдерге қауіпті екендігін анықтаған зерттеу қорытындысын жариялады. Онда Қытайдың «Бір белдеу-Бір жол» бағдарламасы аясында Азия, Еуропа және Африканың 68 еліне 8 триллион доллардан астам қаржы құйғандығы және аталмыш қаржының қайтарымы болатындығы жөнінде айтылған.
Америкалық ғалымдардың зерттеу қорытындысы бойынша, болашақта Қытайдан алған қарызын қайтаруда Қырғызстан, Джибути, Лаос, Мальдив, Моңғолия, Черногория, Пәкістан және Тәжікстан экономикалық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Себебі аталмыш елдердің экономикалары қазірдің өзінде Қытай несиесін қайтаруға қауқарсыз. Мысалы бүгінгі таңда Қырғызстан Қытайға 1,5 миллиард доллар қарыз. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын құрайды. Ал ресми Бішкектің жыл өткен сайын Қытайдан алатын қарыз көлемін арттырып жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш алдағы бес-алты жылда қай жерге баратынын есептеу қиын емес. Бірақ бір қызығы америкалық ғалымдардың бұл зерттеуінде Қазақстан жоқ. Десе де, біздің де Қытай еліне аз қаржы қарыз емес екендігіміз белгілі. Бірақ америкалықтар Қазақстан өз қарызын өзі жабуға қауқарлы деді ме, жоқ әлде «Ұлы Қытай қорғанын» салдырған жұрттың ұрпағы бір нәрсе ойлап табады деді ме? белгісіз. Әйтеуір бізді Қытайға тәуелді, қарыз төлей алмайтын елдердің қара тізіміне енгізбепті.
Жалпы, Қытайдың несие беру тәртібі басқа елдермен салыстырғанда өзгеше жолға қойылған. Қытай өзге несие берушілерге қарағанда белгіленген сомманы толықтай бір ретте береді. Бірақ бір шартпен. Бейжің саясаты бойынша, бөлінген қаржыны әлемнің қай түкпірінде болса да Қытай компаниялары мен жұмысшалары игеруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда Қытай өзі берген қаржыны өзі игеріп, қытайлық компаниялар арқылы елге қайтадан қайтарып алуда. Ал несие алған ел соңында Қытай қаржысына салынған жол немесе зауытқа ие болады және миллиардтаған қарызды төлеуге міндеттеледі.