Ресми мәліметтер бойынша территориясында 781 мың босқыны бар, Еуродаққа мүше Мажарстан (Венгрия) үкіметінің босқындарға қатысты қатаң ұстанымына Еурокомитеттің көңілі толмай отыр. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғары Комиссарының Мажарстан Баспасөз Хатшысы Эрно Симон да Мажарстанның соңғы уақытта бассауға сұраушы босқындарды мүмкіндіктерінен айырғаны туралы хабарлады.
Мажарстан Көші-Қон және Бассауға Кеңсесі берген мәлімет бойынша, тек қана 781 босқын тұратын осы елде үкімет аса қатал саясат ұстануға бекінген. Мажар билігі бір аптада орта есеппен тек қана 7-8 босқынға бассауға өтінішін жасауға рұқсат берген. Ал, "aa.com.tr" ақпараттық агенттігі босқын мәртебесімен Мажарстан арқылы Еуродаққа мүше елдерге өту үшін Сербияда мыңдаған босқынның кезекте тұрғаны туралы хабарлауда.
Қазіргі уақытта бір де бір жанның Мажарстанда бассауға сұрауға өтініш жасай алмай отырғанын тілге тиек еткен Симон, негізінде бұл жағдайдың жартылай ресми шешім екендігін атай келе:
"Бірнеше ай бұрын Мажарстанның Реске және Томпа қалаларындағы транзиттік екі аймақта барлығы 400-ден астам адам бар еді, алайда қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 200-ден де азайып кетті. Негізінен транзиттік аймақтар бұдан да көп босқындарды қабылдауға қабілетті. Шамамен 1,5 ай бұрын осы мәселеге қатысты жасаған мәлімдемеде де Мажарстан шекараларын сым темірлермен қоршағаннан кейін ел ішінде ұстаған адамдарды сол сым қоршаудың арғы бетіне, яғни Сербияға өткізіп жібергенін, транзиттік аймақтарда бассауға сұраушы босқындардың өтініштерінің қабылданбай жатқандығын айтқан едік. Мажарстан бұл қадамы арқылы босқындардың бассауға сұрау мүмкіндіктерін толығымен жойды" , - деді.
"Бірнеше айлық нәрестелер де қамауда"
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғары Комиссары Басқарма өкілдерінің шекарадағы контейнерлерді күн сайын аралап, қамауға алынған босқындармен тілдескенін, әрбір босқынның тікен сыммен қоршалған аймақта айлар бойы қамауда ұсталуларының ақылға қонымсыз екенін айтқан Симон: "Негізінде босқындар Мажарстанда бассауға сұрап, өтініш жасағандықтары үшін жазалануда. Әсіресе, бізді алаңдататын ең қиын жағдай 14 пен 18 жас аралығындағы, қамқоршысы жоқ балалардан бөлек, бірнеше ғана айлық нәрестелердің де қамауға алынуы. Транзиттік аймақта өмірге келген сәбилер де бар. Аяғы ауыр әйелдер босанғаннан кейін бір-екі күннен соң сәбилерімен бірге транзиттік аймаққа, тікен сымдармен қоршалған темір контейнерлерге кері қайтарылады. Басқа түгілі, балалардың бұлай тұтқында ұсталуы кешірілмес күнә" , - деді.
Еуроодақтың негізгі бас ауруына айналған босқындар мәселесін одан сайын қиындатқан Мажарстанның бұл қылығы Еурокомитеттің қытығына әбден тиіп отырғаны анық. Не де болса, ЕО-ға мүше ел ретінде, босқындарды паналатуға міндетті болғанмен, оларды керісінше аластатып, ал қолда қалғандарын бопсалап жатқаны көкейде көп сұрақ тудыруда.