Дағыстанда тәртіп орнату керек – деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин аймаққа жасаған іс-сапарында.

Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, алда келе жатқан президент сайлауы қарсаңында Владимир Путин Дағыстан Республикасына іс-сапармен барып, халықпен кездескен. Кездесу барысында Путин соңғы уақыттары Республика бойынша ұсталған жоғары лауазымды тұлғаларға байланысты баяндама жасаған. Онда ол: «Дағыстанның экономика саласына тәртіп орнату керек. Маған сіздердің қолдауларыңыз, сіздердің көзқарастарыңыз өте маңызды болды. Қазір біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызға көзім жетті» - деген.

Естеріңізге салайық, ақпан айының 5-і күні Дағыстан үкіметі отставкаға жіберіліп, премьер-министр Абдусамад Гамидов пен оның екі орынбасары және білім министрі тұтқынға алынған. Тексеру барысында Гамидовтың үйінен алтын жалатылған «ТТ» және «Беретта» тапаншалары мен Калашников автоматы табылған. Кейіннен премьер-министр мен оның орынбасарларына «аса ірі көлемде қаржы жымқырды және алаяқтықпен айналысты» - деген айып тағылған.

“The Qazaq Times”