Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуімен адам сенбестей өзгерістер болып жатқанын осыған дейін сан мәрте жаздық, айттық, көрсеттік. Бірақ бүгін біз оңтүстіктегі көршіміздің саяси немесе әлеуметтік өзгерістері жөнінде емес ұлттық валютасы хақында әңгіме қозғамақпыз.
Өзбекстан тәуелсіз ел атанғалы бері елде өзге елдің валютасын «қара базардан» өзге жерден алу мүмкін емес болып келді. Алайда Ұлттық Банк 2017 жылдың 5 қыркүйегінде «валюталық революция» жасады. Дәл осы күні елде девальвация болып, Ұлттық Банк валюта бағамын 1 доллар 8100 сум деп бекітті. Осыдан кейін өзбек халқы мен туристер доллар немесе еуроны кез келген валюта айырбастау пунктінен еркін саудалауға мүмкіндік алды. Бұл өзбек сумының екінші рет «дүниеге келуі» болды.
Тәуелсіз Өзбекстан ұлттық валютасы өз бастауын 1994 жылдан алады. Бірақ оған дейін ең алғаш Өзбекстан тәуелсіздік ала салған жылдары 1992 жылдың қаңтар айында айналымға газет қағазынан жасалған бір реттік купондар шығарылды. Бірақ ол купондар көп өмір сүрмеді. Арада бір жылға жуық уақыт өткенде дәлірек айтқанда 1993 жылдың қараша айында айналымға купон-сум шығарылды. Купондар базарлар мен дүкендерде 10, 25, 30, 100, 150, 200, 300, 350, 500, 1000, 2000, 5000 сум болып қиылып айналымға жіберілді. Ұлыбританияның «Harrison & Sons Ltd» типографиясы басып шығарған купон-сумдар Өзбекстан нарығын рубльден қорғап қалу үшін енгізілді. 1961 жылдан бастап, 1992 жылға дейін айналымда болған Кеңестер одағының рублі 1994 жылы 1 шілде күні өзбектің ұлттық валютасы сум ресми айналымға енгенде толықтай алынып тасталды.
Сум ең алғаш айналымға енген уақытта 1 доллар 7 сумға пара-пар болды. 1994 жылы шығарылған 100 сумға дейінгі купюралардың барлығы Германияның «Giesecke & Devrient» баспаханасында басылды. Тек 1997 жылдан бастап Өзбекстан Ұлттық Банкі валюталарын Ташкент қаласындағы «Мемлекеттік белгі» баспаханасынан шығара бастады. Алғашында сумға Өзбекстан аумағындағы тарихи ғимараттардың суреттері мен Әмір Темір бейнеленді. Кейіннен Тәуелсіздік алған жылдары салынған ғимараттардың суреттері бейнелене бастады.
2017 жылға дейін Өзбекстанда ең үлкен купюра 10 000 сум болды. Бірақ сумның құнсыздануына байланысты 2017 жылдың 22 тамызында айналымға 50 000 сумдық купюра енді. Қазіргі бағаммен есептегенде 50 мың сум шамамен 6 долларды құрайды.