Қазақстанда шағын несие беру бағдарламасын қаржыландыруға 62 миллиард теңге бөлінді, Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды премьер министрдің ресми сайты.
Министрдің сөзәнше, бүгінде шағын несие беруді көбейту 2017–2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың ең тиімді тетігі ретінде саналады.
2018 жылы бекітілген бюджетте шағын несие беру бағдарламасына жалпы — 42 млрд теңге, оның ішінде ауылдық жерлерге — 31 млрд теңге және қалалар мен моноқалалар үшін — 11 млрд теңге қарастырылған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаржыландыру 20 млрд теңгеге ұлғайтылып, биылғы жылы 62 млрд теңгені құрайды», - деді Әбілқасымова.
Министр шағын несие берудің сапалы әсерін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ соңғы қарыз алушыға қаражат жеткізуді уақытылы жоспарлау мақсатында қосымша бөлінетін 20 млрд теңгеден ауылдар мен шағын қалалардағы несиелендіруге шамамен 14 млрд теңгені бөлуді ұсынды.
М. Әбілқасымованың айтуынша, бизнес-жобаларды қорғау және шағын несиелерді алу үшін жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар алдымен «Бастау–Бизнес» жобасы бойынша оқуы керек. Қосымша бөлінетін қаражатты ескере отырып, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға жалпы трансферттер есебінен кем дегенде 1,2 млрд теңге бөлу ұсынылады.