Америкалық танымал басылымдардың хабарына қарағанда, соңғы жылдары Қытай билігі елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтап тұруға жұмсаған қаражаты, әскери қуатын нығайту үшін жұмсаған қаражатынан асып кеткен. Айталық қорғаныс саласына бөлінген бюджеттің 20 пайызынан астам қаржыны ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін жұмсаған. АҚШ-тың The Wall Street Journal басылмы болса бұны: «Қытай басшысы билігі күшейген сайын, ел ішіндегі қауіпсіздіктен көбірек алаңдай бастағанын білдіреді», – деп бағалайды.

Қытай Қаржы министрлігінің көрсеткен мәліметінде, 2017 жылғы үкіметтің жалпы шығындарының 6,1 пайызы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға жұмсалған.  Мәлімет бойынша, бұл қыруар қаражаттың басым көбі Тибет автономиялы регионы мен Шынжаң ұйғыр автономиялы регионына бөлінген. Шетелдік басылымдар Қытайдың ресми ақпарат көздеріне сілтеме бере отырып, Ши Жинпиңның партия мен үкіметтегі билігі күшейген сайын, қауіпсіздік үшін жұмсалатын ақшаның да көбейе түскенін айтады.  

Германиядағы Европа Мәдениет және Теология институтының (European School of Culture and Theology) оқытушысы Адриян Зенздің (Adrian Zenz) айтуынша, бұл көрсетілген есептер шынында Қытай үкіметінің ел ішіндегі орнықтылықты сақтауға жұмсап жатқан қаражаты. Алайда, Қытай билігі бұл аса қомақты қаржы әлемдік БАҚ-тың назарын аудара бастағанын біліп, нақты есепті ашып көрсетпей отыр деп қарайды.

Өткен аптадағы Қытайдың Халықтық Конгресінде Қытай премьер-министрі Ли Кычяң (Li Keqiang) «Бейбіт Қытай құру» деп аталатын идеясын ортаға салды. Бұл арқылы Қытай үкіметі бөлшектеуші және террорлық топтарға қатаң соққы беретінін, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін күштердің көзін жоятынын білдірді.

Ресми Бейжіңнің бұл бағыттағы жасап жатқан шаралары Шынжаң аумағында толықтай жүзеге асырылуда. Ең жаңа технологиялардан пайдаланып өңірдегі тұрғындардың іс-әрекетін қалт жібермей бақылауға алуда. Сондай-ақ,  Шынжаңның жергілікті қауіпсіздікті сақтау тараулары тұрғындардың қан үлгісін жинап, әлемдегі ең үлкен ДНК базасын қалыптастырған. Адриян Зенз Шынжаңдағы қауіпсіздік қызметкерлерінің саны соңғы бірнеше жылда адам таңқаларлық деңгейде көбейгенін айтады. Ол бұл туралы зерттеу жүргізіп, 2017 жылы қыркүйек айына дейін Шынжаңда 100 мың адам қауіпсіздік қызметіне тартылғанын, бұл үрдістің қазірде тоқтаусыз жалғасып жатқанын нақты дәлелдермен көрсетеді. Әрі оның есебі бойынша, Шынжаңда қарулы күштердің сыртында миллион адамға жуық қауіпсіздік қызметкері бар.

Қытай билігі бұның сыртында әскери қуатын арттыру үшін де жылдық қорғаныс бюджетін еселеп көбейтті. Өткен аптадағы Қытайдың Қорғаныс министрлігі жариялаған мәліметке қарағанда, осы жылы аталған салаға бөлінген қаржы көлемі 8,1 пайызға өскен. Бұл соңғы үш жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш және былтырғы қорғаныс бюджетінен 7 пайызға көп.  

Қытайдың бұл қадамдарын зерттеп қараған Зенз және өзге де сарапшылардың пікірінше, Қытайдың ішкі және сыртқы қауіпсіздік үшін жұмсаған шығындары жарияланған ресми есептен әлде қайда көп болуы мүмкін.

“The Qazaq Times”