Еуропалық одақ кедендік баж салығынан табыс түспегені үшін 2,7 млрд еуро көлемінде өтемақы талап ету шешімін қабылдады. Шенеуніктердің айтуынша, Ұлыбританияның кеден қызметі қытайлық тауарларды тасымалдауда алаяқтық схемаларымен дұрыс күреспеген, деп хабарлайды kommersant.ru.
Алаяқтықпен күрес жөніндегі еуропалық бюро (OLAF) деректері бойынша, 2013 жыл мен 2016 жылдар аралығында британдық порттар арқылы әкелінетін ҚХР тауарларының көлемі 192 мың тоннадан 407 мың тоннаға дейін екі есе артқан. Бұл тауарлар Ұлыбританияға әдейі арзан бағамен тасымалданған.
Мысалы мақтадан жасалған әйел шалбары 0,9 еуроға (таразы есебімен 1 кг) бағаланған. Ал еуропалық есеп бойынша оның орташа бағасы 26 еуро болған. OLAF мәліметінше, баж салығы декларацияланған құнның 12 пайызын құрайды. Алайда тауардың 86 пайызы ЕО-ның басқа елдеріне дереу экспортталып, қылмыстық схемаға қатысы бар бір күндік компаниялар қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеместен жоғалып кетеді екен.
Осылайша, Еуроодақ кедендік төлемнен түспеген табысты 2 млрд еуроға және ҚҚС-ны 3,2 млрд еуроға бағалады. Брюссель сондай-ақ, британдық кеден қызметін Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтығы жеткіліксіз болғаны үшін айыптады. OLAF тергеу бөлімінің басшысы Эрнесто Бянчидің сөзінше, Ұлыбритания кедені 2016 жылғы кедендік баж салығын жинаудан Еуроодақ бюджетіне түспеген барлық табыстың 79 пайызына жауапты.
Айта кетейік, 2017 жылы Ұлыбритания Еуропалық одақтан шыққаны үшін 40 млрд еуро төлеуге дайын екендерін мәлімдеген. Brexit процесін Елизавета II патшайым мен премьер-министр Тереза Мэй қолдады.