"The National" атты ағылшын басылымының хабарлауынша, араб тілінде хабар тарататын, әлемнің ең танымал медиатоптарының бірі Эм-Би-Си өзіне қарасты телеарналардың барлығына түрік сериалдарын көрсетуге тыйым салды.

Аталған медиаорталықтың қарамағында 11 телеарна жұмыс істейді және олардың барлығы да бүгінге дейін өз көрермендеріне түріктің түрлі телекихаяларын жүйелі түрде ұсынып келген.

Аталған басылымның жазуынша "аяқ-астынан" шығарылған бұл шешімнің нақты себебі еш жерде ашып айтылмаған.

Ал Эм-Би-Си медиа тобының баспасөз хатшысы Мазен Хайек осы шешімнің дұрыстығын растап: "Эм-Би-Си" медиа обынан бөлек, бірқатар Араб елдерінде бұдан былай түрік сериалдарының көрсетілуіне тыйым салдық. Біз бұл шешімді әбден ойланып, 2 наурыз күні қабылдадық", - деп мәлімдеме жасаған. Алайда неліктен түрік халқының сериалдарынан бас тартып отырғаны туралы тіс жармады.

Ол бір сөзінде "Түркия телеөнімдерінен бас тартуымыздың астарында Араб сериалдарын сапалы етіп ұсынудың тың әдісі бар", - деп, негізгі ойын да жасырмады.

Осы орайда, тележәшік арқылы үнді, кәріс және түрік ұлттарының телехикаяларына телміріп, олардың кейіпкерлерінен өз қаһармандарын жасап жүрген көрермендерімізді сол кереғар үдерістен құтқарудың осы бір тың әдісін біз де өзімізге үлгі етсек құба-құп болар еді...

“The Qazaq Times”