Әндіжан оқиғасына тікелей қатысы бар «ескі гвардия» өкілі Закир Алматовтың Ішкі істер министрлігіне қайтып оралуы Шавкат Мирзиеев билігінің әлсіздігі ме, жоқ әлде кезекті саяси ойын ба?
Жақында Өзбекстан Ішкі істер министрлігіне өз заманында Ислам Кәрімовтың сенімді серіктерінің бірі болған Закир Алматов ведомства басшысы Пулат Бабажановтың кеңесшісі болып тағайындалды. Оның Ішкі істер министрлігіне қайтып оралуы күтпеген жаңалық болды. Себебі бұған дейін Шавкат Мирзиеев Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бастап, елдегі барлық күш құрылымдарды әр мәлімдемесі сайын қатаң сынның астынан алып, тіпті ҰҚК басшысы Рустам Иноятовтың өзін орнынан алып тастаған. Көпшілік жұрт Иноятов қызметінен кеткенде Мирзиеев билік тармақтарын Ислам Кәрімов командасынан толықтай тазартуға кірісті деген. Бірақ шын мәнінде олай болмай шықты. Өзбекстанның бизнесінен бастап, күштік құрылымдарына дейін өз қарамағына алған Рустам Иноятов қызметінен кеткенімен Мирзиеевтың оған қарсы тұратын қауқары жоқ сияқты. Шетелдік сарапшылардың сөзінше, Мирзиеев Закир Алматовты Ішкі істер министрлігіне қайта шақырту арқылы Иноятов жүйесіне қарсы тұрмақ. Сарапшылардың бұндай болжам жасауына себеп те жоқ емес.
Закир Алматов бұған дейін Ислам Кәрімоватың тұсында ІІМ 1991 жылдан бастап 2006 жылға дейін басқарған. БАҚ беттерінде осы уақытқа дейін жарық көрген материалдарға сүйенетін болсақ, Закир Алматов пен жақында ғана қызметінен кеткен ҰҚК басшысы Рустам Иноятов өз заманында Ислам Кәрімоватың сеніміне кіру үшін ведомства аралық күрес жүргізген. Бірақ Әндіжан оқиғасы кезінде Ішкі істер министрлігі ҰҚК алдында тізе бүгіп, Алматов қызметінен кетуге мәжбүр болған. Оның отставкаға кетуіне ҰҚК қызметкерлерінің Әндіжан оқиғасына қатысты құпия құжаттарды жариялауы себеп болған. Жалпы, Закир Алматов пен Рустам Иноятов арасындағы текетірес Әндіжан оқиғасына дейін басталған.Атап айтқанда ҰҚК мен ІІМ-нің билік үшін күресті 1999 жылы Ташкент қаласында болған террорлық шабуыл кезінде бастаған. Бейресми ақпарат көздерінің болжамы бойынша, Ташкентте болған жарылысты Иноятовтың басқаруындағы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұйымдастырған және оны Закир Алматов білген. Бірақ Ислам Кәрімовтың алдында дәлелдей алмаған.
Жалпы, Закир Алматовтың қайтып оралуына әр кім әр қалай баға беруде. Бірі Шавкат Мирзиеев Алматовты үлкен саясатқа қайта шақыру арқылы оны Иноятовқа қарсы пайдаланбақ десе, енді бірі Мирзиеев Ислам Кәрімов командасына қатысы бар «ескі гвардия» өкілдерін жаңа қызметтерге тарту арқылы өз бақылауында ұстамақ дейді. Үшінші біреулер Шавкат Мирзиеев сырттай мықты болып көрінгенмен ол қазір кадр тапшылығына тап болып отырған болуы мүмкін.