Оққа ұшып қайтыс болған словакиялық журналист Ян Кучак (Ján Kuciak) өткен жылдан бері қайтыс болған алтыншы және осы жылдың бірінші журналисі, деп мәлімдеді Euronews ақпарат агенттігі.
2017 жылдың қазан айында мальталық журналист Дафна Каруана Гализияның (Daphne Caruana Galizia) адам аяусыз тәсілмен өлтірілуі батыс Еуропаны дүр сілкіндірді.
Ол Жерорта теңізіндегі аралдағы жемқорлыққа қатысты бірнеше істің cоңына түсіп, дәлелдер іздеп жүргенде оның көлігіне белгісіз біреулер жарылғыш зат салып кеткен. Гализияның өліміне кемінде 3 адам күдікті деп танылған, сот ісі әлі жалғасып жатыр.
Ян Кучак та жұмысының сипатының кесірінен оққа ұшты деген болжам бар. Ол да Гализия сияқты өз үйінде өлтірілген.
2017 жылдан бері қайтыс болған 6 журналист:
Ян Кучак
27 жастағы журналист жемқорлық және салықтан жалтаруға қатысты мақалалар жазатын. Оны қызымен бірге Братиславаның жанындағы Велк Макадағы (Velka Maca) өзінің үйінде 2018 жылдың 25 ақпанында атып кеткен.
Дафне Каруана Гализия
Дафне Мальтадағы жемқорлық пен ақшаны жылыстатуға қатысты мәселелерді қозғайтын. Сонымен қатар "Панама құжаттарына" негізделген бірнеше мақала жариялады.
Ол 2017 жылдың 16 қазанында алыстан басқарылатын жарылғыш заттың іске қосылуынан көз жұмды. Жарылғыш зат үйінің жанында тұрған көлікке салынған. Мальта полицейлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 10 адамды қамауға алды.
Ким Волл (Kim Wall)
30 жастағы швед журналисі Кимнің өлімі саяси себептерге байланысты емес. 2017 жылдың 10 тамызында Ким із-түссіз жоғалып кеткен. Ол кезде Ким даниялық Питер Мэдсон салған азаматтық суасты кемесінің баламасы туралы есеп дайындап жүрген. Оның денесі 12 күн өткеннен кейін теңізден табылған. Ким өліміне қатысты Мэдсонға айып тағылып, сәуір айында ресми үкім шығарылу керек.
Дмитрий Попков
Дмитрий өзінің "Ton-M" газетінде Ресейдегі жемқорлық пен билікті асыра пайдалануға қатысты мақалалар жариялайтын. Сонымен қатар "Біріккен Ресей" партиясын билеушілерді сынға алған. 2017 жылдың 24 мамырында оны 5 рет атып, денесін Сиберияның Минусинск қаласындағы саябаққа тастап кеткен. Оның өліміне қатысты жергілікті билік өкілдерінің қозғаған ісі әлі ешқандай нәтиже бермеді.
Саид Каримиан (Saeed Karimian)
45 жастағы ирандық тележүргізуші кувейттық досымен бірге 2017 жылдың 19 сәуірінде Стамбұлда бірнеше қарулы азамат қолынан қаза тапты.
Оның бағдарламасы батыс жаңалықтарын фарси тілінде ұсынатын. Каримианды Теһранда "Иранға қарсы үгіт-насихат жүргізгені" үшін айыптаған болатын. Түркия полицейлері Саидтың өліміне қатысты іс қозғады.
Николай Андрученко
Николай Андрученок 2017 жылдың 19 сәуірінде Ресейде 73 жасында қайтыс болды. Тура 6 апта бұрын оны бір топ ер адам қатты ұрып кеткен болатын. Петербор оны ұрып кеткен адамдарды іздегенімен, ешкімді таба алмады. Андрученок "Жаңа Петербор" газетінің негізін қалаушылардың бірі және жергілікті жаңалықтар, қылмыс және адам құқықтары салаларына маманданған журналист болатын.