«Транспаренси Интернешнл» (Transparency International) деп аталатын үкіметтік емес халықаралық ұйым әр жылдың басында әлемдегі сыбайлас жемқорлық ахуалына қатысты есебін жариялап отырады.
1993 жылы «Дүниежүзілік банкте» 25 жыл қызмет істеп, кейін осы беделді қаржы институтын басқарған неміс заңгері Петер Айген негізін қалаған аталмыш ұйым әлемнің 100-ден астам елінде өте белсенді.
Штаб пәтері Германия астанасы Берлинде орналасқан осы мекеменің 2017 жылғы зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан «Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінің» көрсеткіші бойынша 180 елдің ішінде 122-орынға тұрақтап отыр.
Бұл дегеніміз нені білдіреді? Халықаралық ұйым қандай зерттеулер жүргізеді және неліктен күллі әлем осы есептің нәтижесін басты назарда ұстайды? Енді осы сұрақтарға тоқталып өтейін.
«Транспаренси Интернешнлдің» 100 балдық шкаламен өлшенетін «Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі» бойынша 31 ұпайға қол жеткізуіміз, рейтингке алғаш қатысқан сәттен бастап (1999 жылдан) Қазақстанның ең жоғары көрсеткіші болып отыр. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан деп есептелетін ең төменгі категория тізімінен шығуға мүмкіндік берді.
Тізімге сәйкес бірінші орын Жаңа Зеландияның (89 ұпай) еншісінде болса, екінші орында Дания (88 ұпай), үшінші орында Финляндия (85 ұпай). Ұйымның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою. Ол үшін пара беру мен алудың себебін зерттеп, әр елдің осы дертпен күресте қолға алып жатқан жұмыстарын мұқият зерделеп отырады. Сараптама салиқалы әрі билік пен халықтың сенімінен шығуы үшін, зерттеу объектісіне айналған елдің азаматтық қоғам өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істейді.
Адам құқығы мен заң үстемдігі, жариялылық пен азаматтық қоғам принциптері дүниенің темірқазығына айналған қазіргі уақытта, Қазақстан үшін ең маңыздысы – әлемдік қауымдастықпен бірге тыныстап, адамзатқа қатысты ортақ проблемаларды бірлесіп шешу.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес, ядролық қаруды таратпау, экологиялық ахуалды жақсарту, аштықты болдырмау, лаңкестік пен экстремизмнің алдын-алу – барлық мемлекеттердің бір жағадан қол, бір жағадан бас шығарып бірлесіп әрекет етуін қажетсінеді.
«Транспаренси Интернейшнл» сынды ұйымдардың есептері – біздің қай қадамымызды шалыс басып, қай бағытта қателіктер жібергенімізді, керісінше нендей жетістіктеріміз бар, қандай жайттарға баса көңіл бөлу керек деген сауалдарға жауап беріп, жұмысты жүйелендіруге жетелейді.
Жекелеген қорлар мен халықаралық мекемелердің, түрлі қаржы институттарының демеушілігімен құрылған халықаралық ұйым, ресми Астананың сыбайлас жемқорлықпен күресте өте белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын байқап, көріп отыр.
Қазіргі таңда біздің елде пара беру мәселесіне көзқарас түбегейлі өзгерді. Көзі ашық, көкірегі ояу көпшілік бұл проблемаға немқұрайлы қарамайды. Кез-келген жердегі шикіліктер ашық жазылып, айтылып жүр.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын қатаң бақылауда ұстап, жемқорлық фактілерін болдырмаудың барлық шараларын алуда.
Мемлекеттік мекемелер мен аудандық және ауылдық әкімдіктердің өзін айтпағанда, балабақша мен мектептерге дейін профилактикалық шаралар жүргізіледі.
Елбасының тапсырмасымен атқарылып жатқан осы шаралар нәтижесінің дәлелі ретінде қарауға болатын жайт - 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы сыбайлас жемқорлық деректері Маңғыстаудағы жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілер арасында екі есеге азайып отыр (8-ден 4-ке).
Және бұл бағыттағы қарқынды жұмыс саябырсып қалмақ емес.
Департамент ел аумағында тұңғыш рет қолға алынған «Өнер мен мәдениетте сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты акция аясында да, профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Өткен жылдың наурыз айынан бастап, «Жедел мобильді топ» өз жұмысын бастады.
Оның құрамына біздің департамент пен мен ұлттық бюроның қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясның өкілдері, журналистер мен блогерлер, үкіметтік емес ұйым мүшелері тоғыстырылған.
«Жедел мобильді топ» жекелеген азаматтардың әлеуметтік мәселелер мен қызмет көрсетуге қатысты шағымдары бойынша да көп жұмыс атқарды. 113 мекемеде арнайы профилактикалық семинарлар мен кездесулер өтті.
Мобильді топ мүшелері барлық азаматтарды жемқорлық фактілері туралы дер уағында хабарлап, парақорлықпен бірігіп күресуге шақырды.
Мысалы, студент пара беріп баға алатын болса, сапалы білім мен жоғары білікті кадр даярлау туралы айтудың өзі қисынсыз.
Сол сияқты тұрмыстық деңгейдегі пара беруді мүлде жою мақсатында түсіндірме жұмыстары белсенді жүргізілді.
Көптеген азаматтар жемқорлықтың дендеуіне әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, жұмыссыздықтың азаймауы, мемлекеттік қызметтегі жалақының төмендігі сияқты жайттарды атап жатады. Әрине, бұл факторларды да жоққа шығара алмаймыз.
Бірақ тереңірек үңілсек, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, еліміздің әрбір азаматы жең ұшынан жалғасқан, қоғамымызды жегідей деген жемқорлықпен күресті өзінен бастауы тиіс.
Әлемнің үздік 30 елінің қатарына ұмтылған елімізде жеке кәсіппен айналысып, ауыл шаруашығын жандандыруға несие беру сияқты көптеген мүмкіндіктерге жол ашылып, бағдарламалар қабылданған.
Қол қусырып, кінәні өзгеден іздегенше, сол басымдықтарды тиімді пайдаланудың жолдарын іздеген абзал.
Ал біз өз тарапымыздан мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді жіті қадағалап, 2015-2025 жылдарға шақталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиямызды жүзеге асыру жолында «Арнайы мониторинг тобымен» қолға алынған жұмыстарды бір сәтке де тоқтатпаймыз.
Еліміздің алдына қойып отырған мақсаты айқын. Барлық билік тармақтары елдің инфрақұрылымдық, әлеуметтік-экономикалық, адами капиталдық көрсеткіштерді дамыту жолында аттан түспей, адал қызмет етіп жатыр деп нық сеніммен айта аламыз.
Халықаралық аренада да еңсесі биік еліміз, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп, Сирия қақтығысын реттеуге атсалысып, аумақтық және әлемдік проблемаларды бірлесіп шешуге бар күш жігерін жұмсап жатыр.
Елбасы бастап, барлық өңір басшылары қостап жатпай-тұрмай еңбек қылып жүргенін күнде теледидардан да, әлеуметтік желілер мен басылымдардан оқып-көріп жүрсіздер.
Сондықтан сынықты сылтау қылмай, арзан әңгімемен алданбай, келешек ұрпақтың қамы үшін жемқорлықпен бірлесіп күресу жұмыстарын жандандыруға шақырамын.
Халқымызда «Болған жігіт болдым демес, болдым десе болғаны емес» деген тамаша терең мағыналы мәтел бар. Олай болса, болдым-толдым деп қарап отырмайық.
Қазір 122-орында болсақ, бұл көрсеткішті жақын болашақта одан әрі жақсартуға бірлесіп күш жұмсайық. Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз.
Нұргүл Жанназарова
ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы