Филиппин президенті Родриго Дутертенің (Rodrigo Duterte) мыңдаған адамның өліміне алып келген есірткімен күрес саясатына және Конституцияға енген өзгерістерге наразылығын білдірген халық Манила көшелеріне ереуілге шықты, - деп хабарлайды Al Jazeera ақпарат агенттігі. 

Маниланың кардиналы Луис Антонио Тагл (Luis Antonio Tagle): "Алда қандай қиындық күтіп тұрғанына қарамастан, өз пікірімізді білдіріп, үкімет бізді тыңдағанға дейін ереуілге шыға береміз", - деді.

2016 жылы билік басына Дутерте келгеннен бастап оның есірткімен күрес саясатына католик шіркеуі барынша қарсылық танытып келеді. Себебі Филиппиннің 101 млн халқының 80%-ға жуығы католиктер.

Оппозициялық сенатордың айтуынша, есірткімен күрестің басталғанына 20 ай ғана өтсе де, қайтыс болғандардың саны 20 мыңнан асып үлгерді.   Үкімет болса, 2016 жылдың 1 шілдесі мен 2017 жылдың 27 қарашасы арасында қайтыс болғандар саны 3967 деп көрсеткен.

Дутертені "Human Rights Watch" секілді адам құқықтарын қорғайтын топтар "есірткі қылмысына қатысы бар, есірткіге тәуелді балалар мен ересектерді іс қозғамай өлтіргені үшін" айыптаған болатын.

Маниланың епископы Бродерик Пабильо (Broderick Pabillo): "Мәселе санда емес, өйткені саясат әлі жүргізіліп жатыр. Қазір бірнәрсе өзгертпесек, адам өлімі көбейе береді", - деді.

фото: aljazeera.com

Ал Маниланың басқа аймағында сенбі күні түстен кейін сол қанаттағы одақ өкілдері, студенттер, шіркеу қызметкерлері мен қоғам белсенділері "диктатор Дутертеге қарсы" ереуілге шықты.

Президенттің баспасөз қызметінің өкілі Гарри Рок (Harry Roque): "Жергілікті халықтың ашық ереуілге шығуы Филиппинде демократия мен сөз бостандығына ешкім кедергі келтірмейтінін көрсетеді", - деді.

Ал полиция қызметкерлері, олардың жанұялары мен қолдаушылары болса, керісінше, Маниланың полиция бөлімшесі маңында Дутертенің есірткімен күрес саясатын қолдайтындарын білдірді.

“The Qazaq Times”